Сеулде президент Юн Сок Ёль қамауға алынды
Шамамен бір сағат бұрын Сеулде екінші әрекеттен кейін Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль қамауға алынды, деп хабарлайды 24kz.
Оған бүлікке шақырып, билікті асыра пайдаланды деген айыптар тағылуда.
Еске сала кетейік, 3 желтоқсанда Юн елде әскери жағдай жариялаған еді. Бірақ бірнеше сағаттан кейін Парламент бұл шешімінің күшін жойды. Ал 14 желтоқсанда депутаттар мемлекет басшысына импичмент жариялап, сот оны қамауға алу туралы ордер берді.
Алайда Президентті алғаш рет ұстау әрекеті кезінде Юнды қолдаушылар саны полициядан басым болып, ешкімді ішке кіргізбеген.
Кейбір деректерге сәйкес, резиденцияны Президенттің қауіпсіздік қызметінің 700-ге жуық қызметкері күзетуде.
Жүргізуші:
- Қазір резиденция маңында біздің Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой жұмыс істеп жатыр. Ол студиямен тікелей байланыста. Владислав қамауға алу операциясы қалай өтті?
Владислав Цой, тілші:
- Операция таңғы сағат 4-те басталды. Оған жоғары лауазымды шенеуніктердің қылмыстарын тергеу басқармасы мен полицияның 3 мыңға жуық қызметкері қатысты. Алдымен олар мемлекет басшысын қолдаушылардың шебін бұзуға мәжбүр болды. Резиденция маңына шамамен 6500 адам жиналды. Құқық қорғау органдары ғимараттың кіреберісін бөгеген адамдарды шығара бастады. Бір әйелдің халі нашарлап, оны жедел жәрдем ауруханаға алып кетті. Полиция резиденцияның кіреберісіне жетіп, қамауға алу туралы ордерді көрсетті. Алайда қауіпсіздік қызметі, билеуші партия өкілдері және президенттің адвокаты құқық қорғау органдарының әрекетін заңсыз екенін мәлімдеді. Қамауға алу ордерін орындаушылар кез келген кедергі жасаған адамды тұтқындайтынын ескертті. Полиция бірнеше кедергіден өтіп, бес сағаттан кейін Президент қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары Ким Сон Хун қамауға алынды. Юн адвокаттары арқылы тергеушілерге өзі берілетінін бірақ оны ұстауға келген топтар резиденцияны босату керектігін жеткізді. Алайда бұл талап қабылданбады, ал 10:33-те сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу басқармасы Президент Юнды қамауға алу ордері орындалғанын мәлімдеді. Уақытша биліктен шеттетілген мемлекет басшысы Квачхон қаласындағы үкіметтік кешенге жеткізілді. Бүгін сол жерде тергеу басталуы керек. Президент қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері полициямен қақтығысқа түспеуге тырысты. Мемлекет басшысының міндетін атқарушы, премьер-министрдің орынбасары және стратегия мен қаржы министрі Чой Сан Мок бүгін таңертең: «Мемлекеттік органдар арасындағы физикалық қақтығыстар ешбір жағдайда болмауы керек, өйткені бұл қоғам мен халықаралық қауымдастықтың сеніміне орны толмас зиян келтіреді», - деп мәлімдеді. Еске сала кетейін, 3 қаңтарда тергеушілер Юн Сок Ёльді қамауға алуға тырысқан, бірақ бес сағат ішінде резиденцияға кіре алмаған. Президентті қамауға алу Оңтүстік Корея тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға.
Жүргізуші:
- Владислав, Оңтүстік Кореяда саяси дағдарыс аяқталды деп айта аламыз ба?
Владислав Цой, тілші:
- Жоқ, олай айта алмаймыз. Себебі, біріншіден, импичментті Конституциялық сот әлі мақұлдаған жоқ. Кеше ғана соттың алғашқы отырысы өтті, бірақ Юн қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, қатысқан жоқ. Сонымен қатар биліктен шеттетілген Президент судьялардың бірін оның жұбайы оппозициялық партиямен байланысы бар деп алып тастауды сұрады. Егер Конституциялық сот импичментті бекітсе Президент сайлауы өтеді. Ал егер импичментті қолдамай кері қайтарса Юн Сок Ёль билікке қайта оралуы екіталай, өйткені импичмент процедурасымен қатар Юнды бүлікке шақырды және билікті асыра пайдаланды деп айыптау бойынша тергеу жүріп жатыр. Егер оның қылмыстары дәлелденсе, экс-президент ұзақ мерзімге түрмеге қамалады.