Қытай көлік өндірісін арттырады

Қытай биыл электрмобиль өндірісін арттырмақшы.

Себебі әлемде бұл елде шығарылатын көліктерге сұраныс барған сайын ұлғайып келеді. 2024 жылы көрші мемлекетте жасап шығарылған миллиондаған автокөлік сатылды.

Ал 2025 жылы экспорт көлемі айтарлықтай еселенеді деп болжанып отыр. Автоөндірушілер сұранысты өтеу үшін жасанды интеллектіні қолдана бастаған.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайдың электромобиль нарығында 2025 жылы өндіріске ерекше мән беріледі. Бұған әлемде сұраныстың артуы түрткі болып отыр. Тіпті көп болғаны соншалық қазір авто зауыттар алдын ала тапсырыспен жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 2024 жылы әрбір сатылған екінші көлік тоқпен жүреді.

Былтыр дүниежүзіндегі жалпы электрлі көлік өндірісінің 60 пайызы Қытайға тиесілі болды. Темір тұлпарларды өндіру және сату жағынан 9-жыл қатарынан алда келеді. Елдің автоөндірушілер қауымдастығының мәліметіне сәйкес өткен жылдың өзінде Қытайда 31 миллион көлік сатылған. Енді жылдан жылға ұлғайып келе жатқан сұранысты өтеп, тапсырысты уақытылы орындау үшін көлік жасап шығаратын зауыттар жасанды интеллектіні пайдаланады. Яғни енді жаңа көліктерді құрастыруға роботтар пайдаланылады. Ал бұл көліктер экспортқа Қазақстан арқылы шығарылады. Өйткені біздің ел арқылы транзиттік тасымал тиімді. Ең бастысы кез келген бағытта жылдам жеткізуге болады. Айта кету керек, бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Сондықтан да көршілес екі ел арасында көлік-транзит саласының дамуына баса мән беріліп келеді. 

Дай Чэньхао, даму және қызмет көрсету бюросының директоры:

- Биыл өндіріс көлемі 30 пайызға дейін артады. Көліктердің басым бөлігі жаңа буынды болады. Өндіріс орындары жасанды интеллектіге негізделіп жаңғыртылады. Бұл өнімді еселеуге мүмкіндік береді. Биыл 32 миллион дана көлік саудаға шығарылады болжанып отыр. Оның 26 миллионы ішкі нарыққа саудаланса, 16,5 миллион данасы экспортталады деген жоспар бар.  

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытай билігі жоспарды жүзеге асыруда «Бір белдеу – бір жол» жобасына сүйенеді. Ал шекаралас мемлекет ретінде Қазақстанның бұл бағыттағы ұстанымы белгілі. Еліміз халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға  күш салып жатыр. Оның тиімділігін тараптар  жақсы  біліп  отыр.

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын