Қытай ғалымдары ғарышта сақталған дақылдардың тұқымын зерттеп жатыр
Қытай ғалымдары ғарышта селекциялық тәжірибе жасады, деп хабарлайды 24KZ. Олар бірнеше дақылдың тұқымын сұрыптап, атмосферадан тыс жерге шығарды. Мамандардың пайымдауынша, ғарыш кеңістігінде тұқымдар генетикалық өзгерістерге ұшыраған. Ғарыш станциясында бірнеше ай сақталған өнімдер қайта жерге жеткізілді. Қазір зерттеу жұмыстары басталды.
Ғылыми зерттеуге арналған сынама материалдар ғарыштан Shijian-1 жерсерігімен жерге түсірілді. Салмағы 102 грамм болатын қара бұршақ, күнжіт, лотос, таро дақылдарының тұқымдары бірнеше ай ғарыш кеңістігінде сақталды. Енді мамандар оларды зертханаларда зерттеп жатыр.
Генетика және селекция мамандарының айтуынша, тұқымдарға ғарыш сәулелері, микрогравитация, жоғары қысымды вакуум сияқты факторлар әсер еткен. Нәтижесінде ұрықтар генетикалық өзгеріске ұшыраған. Ғалымдар енді осы арқылы жаңа жоғары өнімді сорттарды көбейтуді көздеп отыр. Қазір ғылыми тәжірибе Хайнань провинциясында жүріп жатыр. Ережеге сәйкес тұқым бірден топыраққа отырғызылуы тиіс. Әйтпесе ұрықтың сапасы жоғалады. Сондай-ақ қоршаған ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді. Мұны атмосферадан тыс жерде ұсталған тұқымдардың бір бөлігін зерттеу көрсеткен.
Ван Лучжуан, Лунхуа аудандық ауыл шаруашылығы және ауылдық бюросының жетекшісі:
- Алғашқы зерттеулер жүргізіліп, бірқатар генетикалық өзгеріс анықталып отыр. Әрі қарай арнайы әдіс қолданылады. Осы арқылы біз өнімділікті арттырып, жергілікті шаруаларды сапалы тұқыммен қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде мақсатымыз – технологиялық жетістіктерді пайдаланып, еңбек өнімділігін арттыру. Жоба жүзеге асса, ауыл шаруашылығының тиімділігі артып, фермерлердің табысы еселенеді.
Қазір Қытай жалпы ғарыштағы зерттеу жұмыстарының негізгі 4 бағытына ерекше мән беріп отыр. Олар: адамның ғарышта өмір сүру мүмкіндігі, микрогравитация физикасы, астрономия және жаңа технологиялар. Мысалы, былтыр 181 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Ғарыш станциясына 2 тоннаға жуық ғылыми материал жеткізілген. Ал ғарыштан жерге 100 түрлі сынама үлгілері түсірілді.
Чжан Вэй, Ғарышты пайдалану жөніндегі технология және инжиниринг орталығының қызметкері:
- Осындай зерттеулердің нәтижесінде адамның ғарышта ұзақ тұрақтап, өмір сүру мәселесін шешу жолын ұсынамыз деп ойлаймын. Сонымен қатар орбитада әзірленген материалдар мен жобалар жерде қолдануды көздейміз. Күнделікті өмір мен өндірісті жақсартуға бағытталған жаңа әдістер мен технологияларға қол жеткіземіз деп үміттенеміз.
Селекциялық зерттеуге қатысты тың тәсілді қытайлық ғалымдар әзірге жарияламай отыр. Алайда осы тәжірибеден кейін өнімділігі аса жоғары жаңа сорттардың пайда болатынына сенімді.
Айта кету керек, қытайдың ғарыш станциясы елдің орбитадағы ұлттық зертхана қызметін атқарады. Онда алдағы 10-15 жылда ғылыми зерттеумен байланысты мыңнан аса жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын.