Байден Трамптың отбасына шай берді. LIVE

Дональд Трамп ұлықтау шарасы өтетін Капитолийге келді.

Мұнда бірер минуттан кейін яғни астана уақытымен түнгі сағат 10-да ант беру рәсімі басталады. Вашингтондағы ұлықтау рәсімі алдындағы ахуал қалай?

- Дональд Трамп президенттігінің алғашқы күні-ақ біраз саяси шешімдер қабылдайтынын мәлімдеген еді. Қазір қандай өзгерістерден хабарыңыз бар?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бізге белгілі жоспар бойынша Трамп алдымен Әулие Джон шіркеуіне барып, артынша жолдың қарсы бетіндегі Ақ Үйге ат басын бұрды. Дәл қазіргі уақытта Джо Байден жұбайымен дәстүрге сай Трамптар отбасын қонақ етіп, сол Ақ Үйде шай ұсынды.

Одан кейін мына картада көріп тұрғандарыңыздай, Трамп Ақ Үйден Капитолий ғимаратына ант беру үшін барып, ұлықтау рәсіміне қатысады. Қауіпсіздік департаментінің осы бір картасында қою қызылмен белгіленген аймақта көлік қозғалысы шектелген. Ал алқызыл түсті жерлерде жаяу жүргіншілер жүре алмайды. Маңызды нысандар қасындағы метро станциялары да жабылды. Елдің түкпір түкпірінен 25 мың әскер тартылды. Потомак өзені де 30-ға жуық қарауыл кемелерінің бақылауында. 

Ұлықтау рәсімі кезінде қалада көлік  қозғалысы өзгереді

Ақ үй

Пенсильвания даңғылы

Капитолий ғимараты

Қою қызыл түс – көлік қозғалысы шектеледі

Алқызыл түс – жаяу жүргіншілер қозғалысы шектеледі 

- Дональд Трамп президенттігінің алғашқы күні-ақ біраз саяси шешімдерді қабылдайтынын мәлімдеген еді. Қазір қандай өзгерістерден хабарыңыз бар?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Инаугурацияға дейінгі біраз қызық кеше Вашингтондағы Capital One Аренасында өтті. 

Бұдан бөлек криптовалютаның да бағасы Трамп сайлауды жеңгелі өсіп келе жатыр. Тіпті қазірдің өзінде Трамп өз биткойнын шығарды. Әрі бүгінгі күнге мәлім әкімшілігінде 13 миллиардер бар. Олардың жалпы байлығы 460 млрд доллардан асады. Бұл әлемдегі біраз елдің ЖІӨ-нен де асып кетеді. Салыстыру үшін айтайын, Байден әкімшілігінің жалпы байлығы 118 млн АҚШ доллары болды. Қалталылар Трамптың қанжығасын майлай ма, әлде қарапайым америкалықтарға қолғабыс бола ма, оны алдағы уақытта көрерміз. Бірақ біршама маңызды бұйрықты бірер сағаттан кейін естуіміз әбден мүмкін. Бірқатарын Трамп былай деп хабарлады.

Дональд Трамп, АҚШ-тың 47-президенті:

- Президенттігімнің алғашқы күнінен-ақ сіздерге ұнайтын бұйрықтар шығаруды жоспарлап отырмын. Дүйсенбі кешке біздің шекараны заңсыз кесіп өткен келімсектерден құтылу бойынша тапсырма беремін. Ұлықтау рәсіміндегі жолдауымда шекараны қалай қатайтатынымды ашық айтамын. Бұл шекарамызға қатысты ең қатаң жолдау болады.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бұл жерде Трамп Чикаго қаласында басталатын заңсыз мигранттарға қарсы үлкен рейдті де меңзеп тұруы мүмкін. Бұл тексеріс АҚШ тарихындағы ең ауқымды әрі қымбат депортация әрекетінің алғашқысы болмақ. Сондай ақ 47-президент АҚШ-та дүниеге келген сәбилерге азаматтық беру мәселесін де майшаммен қарап, алып тастауға бекініп отыр. Бұдан бөлек Байден қабылдаған біраз заңдардың күшін жоямын деп те уәде берді. Күші жойылатын жарлықтар қатарында Климатқа қатысты Париж келісімі де болатын сияқты. Трамп алғашқы мандатында АҚШ-ты одан шығарып алғаны есімізде. Артынша Байден келіп, АҚШ-ты қайтадан Париж келісіміне қосты. Алдағы күндері қайтадан шығатын сияқты. Себебі Трамп климатқа зиян келтіреді деп көрсетілетін мұнай газ индустриясына зор көңіл бөлуді жоспарлар отыр. Бұл әлемдік мұнай бағасына, нарығына да әсер етеді. Трамптың өзі айтқандай, алдағы уақытта америкалықтар теледидардан көз ала алмайтын қызық дүниелер де болғалы түр.