Трамптың саясаттағы жаңа ұстанымдары
Бүгін күллі әлем назары алпауыт АҚШ-қа ауды. Америкада тарихи сәт. Елдің 47-ші Президенті Дональд Трамп мыңдаған халықтың алдында ант қабылдап, тұғырлы тағына қайта отырды.
Бірнеше жылдан кейін билікке оралған оның саясатынан жергілікті жұрт көп үміт күтеді. Мыңдаған адам қатысқан рәсімде ол Мексика шығанағының атауын «Америка Шығанағы» деп өзгерткенін мәлімдеді. Мигранттарды елден шығарып, тарифтерді енгізуге, салық пен инфляцияны азайтып, бағаны төмендетуге уәде берді. «Жалақыны көтеріп, АҚШ-тағы мыңдаған зауытты қайтарамын», - деді. Тоқетері Американы қайтадан ұлы етеміз деп ұрандатты.
АҚШ тарихында 40 жылдан кейін Президенттің ант қабылдау рәсімі ашық алаңда емес, Капитолий ғимаратының ішінде өтті. Бұған аймақта ауа райының күрт төмендеуі себеп.
АҚШ-тың су жаңа Президентін ұлықтау рәсімі жергілікті уақытпен 20 қаңтар сағат 12.00-де, біздіңше кеше кешке сағат 10-да өтті. Ақ үй басшысы Дональд Трамп көпшілік алдында киелі кітапқа қолын қойып ант берді. Мұнан соң жақтастарының, мемлекеттік қызметкерлер мен шетелдік жоғары лауазым иелерінің алдында Президент ретінде алғашқы сөзін сөйледі. Салтанатты шара бір сағаттан астам уақыт жалғасты. Ал 2017 жылы рәсім 1 сағатқа созылған еді. Іс-шараны ұйымдастыруға Трамп 250 млн доллар қаражат жинапты. Бұған дейінгі рәсімде бар болғаны 107 млн доллар жұмсалған.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Американың алтын дәуірі бүгіннен басталады. Дәл осы күннен бастап еліміз гүлденіп, әлемнің құрметіне ие бола бастайды. Бәрі бізге қызыға қарайтын болады. Біз дамып, аумағымызды кеңейтіп, тіпті жұлдыз жолақты туымызды Марсқа апарып та қадаймыз.
Кристофер Хойнс, АҚШ азаматы:
- Өзгерістің болғанына қуаныштымын. Трамптың айтқан сөздерінің жаны бар. Біз оны мұқият тыңдап тұрдық. Халықтың көкейіндегі мәселелерді айтты. Әсіресе елдің қауіпсіздігі жөніндегі реформаларына толықтай келісемін.
Уитни Браун, АҚШ азаматы:
- Трамптың билікке келуімен қатар ол әкелетін өзгерістерді де асыға күттім. Біздің құндылықтарымыз сәйкес. Сондықтан қанша суық болса да балаларымызбен бірге осы бір тарихи сәтке куә болғанымызға өте қуаныштымыз.
Брюс Лэнглуаз, АҚШ азаматы:
- Әрине ант беру рәсімінің іште өткеніне қапалы болдық. Десе де қауіпсіздік үшін жасалғанын жақсы түсінемін. Трамптың аман болуы біз үшін маңызды. Ол атқаратын жұмыс шаш етектен. Бетпе бет жақыннан көрмесем де маңайында жүргеніме ризамын.
Америка бірінші: саясаттағы Трамптың жаңа ұстанымы
АҚШ-тың 47-ші Президенті Дональд Трамп 4 жылдан кейін дәл осындай атмосфераны қайта сезінді. Осылайша ол Президенттікке бір емес бірнеше рет үміткер болған Ақ үйдің екінші мәрте басшысы. Трамп жаңа қызметіне кірісе сала сыртқы саясатта келеңсіздікті жойып, өзге елдермен одақтастықты нығайтуға кірісті. Байденнің 78 Жарлығы мен меморандумының күшін жойды. Оның ішінде Париж келісімінен шығу туралы жарлыққа қол қойды. Бюрократтардың федералды үкіметті толық бақылауға дейін жаңа ережелерді қабылдауын тоқтату, федералды үкіметке сөз бостандығын қалпына келтіру және цензураны жою, сот төрелігі жүйесін бұрынғы әкімшіліктің саяси қарсыластарына қарсы пайдалануға тыйым салу сияқты бұйрықтарды қабылдады. Тағы бір жаңалық Президент Дональд Трамп АҚШ-тың шет мемлекеттерге көмек көрсету бағдарламасын 90 күнге уақытша тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Әзірге құжаттың қандай көмек түрлеріне қатысты екені белгісіз. Өйткені Конгресс бағдарламалардың біраз бөлігін алдын ала қаржыландырып қойған. Сондай-ақ оның арағайындығымен Израиль мен Хамас арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілді. Ол АҚШ-тың НАТО-мен қарым-қатынасын түбегейлі өзгертуге ниетті. Иранның ядролық бағдарламасына қарсы қатаң санкцияларды қалпына келтіруді көздеп отыр. Түптеп келгенде мұның барлығы «Америка бірінші» ұранын жалғастырып, АҚШ-тың мүддесін қорғауға негізделеді.
Бюрократтардың федералды үкіметті толық бақылауға дейін жаңа ережелерді қабылдауын тоқтату;
Армия мен басқа да санатты қоспағанда мемлекеттік қызметке жалдауды тоқтату;
Барлық қашықтан жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерге жұмыстан дереу шығуға өкім;
Барлық федералды ведомстволарға өмір сүру құны дағдарысын шешуге бұйрық беру;
Париж келісімінен шығу;
АҚШ-тың Париж климаттық келісімінен шығуы туралы БҰҰ-ға хат;
Федералды үкіметке сөз бостандығын қалпына келтіру және цензураны жою туралы бұйрық;
Сот төрелігі жүйесін бұрынғы әкімшіліктің саяси қарсыластарына қарсы пайдалануға тыйым салу.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Таяу Шығыста қақтығысты тоқтату туралы келісім күллі әлемге менің әкімшілігімнің бейбітшілікке ұмтылатынын айғақтайды. Сондай-ақ америкалықтар мен одақтастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүргізуге ниетті екенімді білдіреді.
Трамп: Ұлы Американы қайта құрамыз!
Капитолий ғимаратына 2021 жылы басып кірген 1500 азаматты кешірді. Үкімді 6 есе жеңілдетті. Сөйтіп өзінің сайлауалды уәдесін орындады. Енді заңсыз көші-қонды реттейді. Спрингфилд қаласында уақытша қорғалған мәртебеге ие болған Гаити босқындарын қоса алғанда Америка аумағындағы барлық келімсектерді елден шығарады. 1868 жылдан бері қолданыста болған туу құқығы бойынша азаматтық беруді тоқтатуды көздеп отыр. Экономика саласында да сан түрлі өзгеріс күтіп тұр. Импорттық тауарлар мен өзге мемлекет, компанияларға ауқымды баж салығын енгізеді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Біз Американы қайтадан қуатты етеміз. Бай әрі сау мемлекет қалыптастырамыз. Елімізбен мақтан тұтатын боламыз. Қайтадан қауіпсіз әрі ұлы Америка құрамыз! Бұл – үлкен жеңіс. Америка, бәріңізге көп рахмет!
Трамптың бұрынғы билігі: импичмент, саяси дау, сауда соғысы
Трамптың есімі бұрынғы билігінде де бірқатар даулы мәселемен көптің есінде қалды. Оған 4 жылда 4 рет қылмыстық айып тағылды. Бірақ мұны ол өзіне жасалған саяси шабуыл деп түсіндірген еді. 2 рет импичмент жарияланды. Алғашында өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталса, екінші рет Капитолийге шабуыл жасаған түрмеде отырған жақтастарына рақымшылық жасауға уәде бергені үшін кінәлі деп танылды. Бірақ екеуінде де ақталды. Мигранттарды ел аумағынан шектеу үшін Мексика шекарасына қабырға тұрғызды. Салық мөлшерін төмендетіп, жеке тұлғалар үшін оның құнын жеңілдетті. Бұл реформасы ауқаттыларға тиімді деп айтылып, халық арасында басы дауға қалды. Сыртқы саясатта да бірқатар шара қабылдады. Билікке келер-келмес сол жылы АҚШ-тың Париж климаттық келісімінен шығу туралы шешім қабылдады. Бір жылдан соң Иранмен жасалған ядролық келісімнен шықты. Қытаймен сауда теңгерімін түзету үшін бұл елге қарсы тариф енгізді. Бұл тараптар арасында сауда соғысының өршуіне әкелді.
Тирана Хасан, Нuman Rights Watch бас атқарушы директоры:
- Трамптың алғашқы Президенттік қызметінде оның қандай істерге бара алатынын өз көзімізбен көрдік. Ол дегенінен тайынбайды. Бұл жолы «Жоба 2025» бастамасы аясында мигранттарды елден алыстату жоспарын бастап кетті. Құжатсыз жүрген мыңдаған мексикалық ел жағалап кетеді. Әйелдердің репродуктивті құқына қарсы жасалған әрекеттер де ойландырып тастады.
Кезекті жаңа Президенттік қызметінде Трамп сыртқы саясатта күшті әрі тәуелсіз позицияны ұстану арқылы Америка экономикасын жандандыруға ниетті. Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасы да жаңа деңгейге шығуы мүмкін. Елімізбен энергетика саласында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.