Түркияда тау-шаңғы шипажайы өртенді: 10 адам қаза тапты

Түркиядағы тау-шаңғы шипажайы отқа оранды.  Алдын ала ақпарат бойынша  қаза тапқан және зардап шеккендер бар.

Түркияның Болу провинциясындағы «Карталкая» тау шаңғы курортындағы қонақ үйден шыққан өрт 10 адамның өмірін жалмады.  32 адам жарақат алған. Тағы екеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеді. Ал Болу губернаторының сөзінше қаза тапқан екі адам терезеден  секіріп кеткен. Тілсіз жау таңғы уақытта 12 қабаттық қонақ үйдің мейрамханасында тұтанған. Жалын бір сәтте ағаштан жасалған ғимараттың  басқа бөліктерін  шарпыған. Жергілікті әкімшіліктің сөзінше 500 кісілік қонақ үйде 237 демалушы болған. Олардың ішінде балалар да бар. Қазір мектептерде қысқы демалыс уақыты. Дәл қазір  оқиға орнында өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Дегенмен мамандар  жанып кеткен қонақ үй  құлауы мүмкін деп ескертуде.  Өрттің неден шыққаны әзірше белгісіз. Жағдайға қатысты тергеу басталды. Елдің ақпарат басқармасы, жергілікті БАҚ-ты жалған мәлімет таратпауға  шақырып отыр. Айта кеткен жөн, «Карталкая» таң шаңғы курорты Түркияның қысқы туризм орталықтарының бірі. Бұл жер Ыстамбұл мен Анкарадан  шамамен 3 сағат қашықтықта орналасқан.