Оңтүстік Корея президенті импичмент бойынша сот тыңдауына қатысты

Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялау туралы сот отырысын бастады.

Биліктен уақытша шеттетілген Мемлекет басшысы судьялардың алдына шығып, сөз сөйледі. Естеріңізге сала кетейін, ол бүлік шығарды және билікті асыра пайдаланды деп айыпталып отыр. Өткен жылдың 3 желтоқсанында Юн елде әскери жағдай жариялап,  бірнеше сағаттан кейін  Парламент оның күшін жойды. 

Ал 14 желтоқсанда депутаттар Мемлекет басшысына импичмент жариялады, іле-шала сот оны тұтқындауға санкция берді. Дәл қазір  Сеулдегі  қамауда ұстау орталығы ғимаратының жанында біздің меншікті тілшіміз Владислав Цой тұр. Ол студиямен тікелей байланыста. Владислав, президент алғаш рет қатысып отырған  импичмент тыңдауы  бойынша процесс қалай өткені туралы толығырақ айтып берсеңіз?

Владислав Цой, тілші: 

Президент Юн Сок Ёль импичмент ісі бойынша Конституциялық соттағы тыңдауға алғаш рет кеше күндіз сағат 2-де қатысты. Юн сотқа өз қауіпсіздік қызметімен бірге келді. Тыңдаулар басталмай тұрып, судьяларға өз ісін мұқият қарастыруды өтініп, сөз сөйледі. Ол былай деді: «Конституциялық сот – Конституцияны қорғауға арналған институт болғандықтан, судьялардың маған әртүрлі мәселеде мейірімділікпен қарауын сұраймын». Айта кету керек, Юн Сок Ёль өзіне қатысты импичмент ісі бойынша сот процесіне қатысқан алғашқы президент. Бұрынғы президенттер Но Му Хён мен Пак Кын Хе импичмент процесі кезінде тыңдауларға қатыспаған. Бұл – өткен айда қысқамерзімді әскери жағдай жарияланғаннан кейін 49 күн ішінде Юнның халық алдында алғаш рет көрінуі. Юнның адвокаттары Президент әскери жағдай кезінде Парламент депутаттарын ұстау туралы әскерилерге бұйрық берген деген айыпты жоққа шығарды. Судьяның «Юн әскерилерге депутаттарды Ұлттық ассамблеядан шығару туралы бұйрық берді ме?» деген сұрағына ол: «Жоқ» деп жауап берді. Тыңдау барысында Президент әскери жағдайды енгізуді парламенттік сайлаудағы алаяқтық айыптарын тексеру қажеттігімен түсіндірді. Юнның адвокаттары әскери жағдай енгізудің себептері ретінде импичмент процедурасына байланысты мемлекеттік істердің тоқырауы, бюджетті біржақты қысқарту және парламенттік сайлаулар кезіндегі заңсыздықтарды атады.

- Конституциялық соттың келесі отырысы қашан өтеді?

- Сот отырысы ертеңге жоспарланған. Конституциялық сотқа импичмент ісі бойынша куәгерлер келеді. Олардың ішінде ең бастысы – елдің Қорғаныс министрі. Қазір Президент Сеулдегі уақытша ұстау орталығында. Мұнда оның жақтастары күзетте тұр. Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарушы, Қаржы министрі барлық соттар мен Сеулдегі уақытша ұстау орталығының күзетін күшейтуді тапсырды. Себебі жақтастары бұл нысандарға шабуыл жасауы мүмкін деген қауіп бар.Кеше Конституциялық соттың маңында мыңдаған адам Президентті қолдау үшін жиналып, «Импичмент жарамсыз» деген жазуы бар плакаттар ұстады. Полиция қызметкеріне шабуыл жасаған бір әйел ұсталды. Полицияның бағалауынша, тыңдаулар басталған кезде сот ғимаратының алдында шамамен 2500 наразылық білдіруші болған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 64 мобильді полиция бөлімшесінен жалпы саны 4000 қызметкер жұмылдырылды.Қосымша айта кетейін, Конституциялық сотқа 14 желтоқсаннан бастап іс келіп түскен күннен бастап 180 күн беріледі. Осы уақыт ішінде сот импичментті қолдап, Юн Сок Ёлді қызметінен шеттету немесе импичментті қабылдамай, оны қызметіне қайтару туралы шешім қабылдауы керек. Егер Юн биліктен шеттетілсе, елде 60 күн ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Юнның адвокаттары Президенттің 13 ақпанға дейін өтетін импичмент ісі бойынша қалған бес тыңдауға да қатысатынын айтты.