Өзге елдердегі тауар өндірушілердің жағдайы қандай?
Үндістандық компаниялар сапалы киім жасап шығару үшін өндіріске қажетті заттарды сырттан импорттауға мәжбүр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл дайын тауардың өзіндік құнының өсуіне әкеп соқтырады. Содан былтыр саладағы шығын 78 млн долларға жеткен. Ал Италиядағы аяқ киім фабрикалары өндіріс көлемін қысқартпақ. Өйткені азиялық компаниялар тарапынан бәсеке артқан.
Жұлдыз Атагельдиева, тілші:
- Үндістан – киім мен тоқыма заттардың әлемдегі ең ірі экспорттаушыларының бірі. Салада 45 млн-нан аса адам еңбек етеді. Мемлекет дайын өнімнің 75%-ін АҚШ-қа, Еуроодақ, Ұлыбртания мен Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттайды. Өндіріске қажетті негізгі шикізат – мақта елдің өзінде шығарылады. Бірақ одан киім тігу үшін Еуропа мен Қытайдан арнайы бояуыштарды импорттауға тура келеді. Соның салдарынан дайын өнімнің өзіндік құны біршама өседі. Ал көрші Бангладеште жұмыс күші арзан. Содан үндістандық компаниялар киім өндірісінде инновациялар мен озық технологиялар енгізу жағынан үнемдеуге мәжбүр.
Италия аяқ киім өндірісіне қажетті шикізатты сырттан тасымалдайды
Италия сәнді әрі сапалы аяқ киімдерімен бүкіл әлемге танымал. Бірақ соның өндірісіне қажетті резеңке, былғарыны өңдеу кезінде қосылатын химиялық заттар, тіпті жабдықтың өзі Қытай мен Германиядан жеткізіледі. Содан өндірушілер бағаны көтеруге мәжбүр. Бүгінде мұнда аяқ киімнің орташа құны біздің ақшамен 35 мың теңге шамасында. Орташа жалақы бір млн 300 мың теңгеден асады. Ал мысалы Вьетнамда орташа айлық 180 мың теңге көлемінде. Сондықтан Еуропадан гөрі Азияда өндірілген аяқ киім әлдеқайда арзан түседі. Статистика бойынша бүгінде әлем халқының 10%-і осы Вьетнамда жасалған аяқ киімді киеді екен.
Америкалық шаруалар тыңайтықштар мен техникаға бір жылда $38 млрд жұмсады
Ал АҚШ фермерлері тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасын импорттауға мәжбүр. Былтыр оған 38 млрд доллар кеткен. Содан шаруалар амалсыздан астық пен еттің бағасын өсірген. Бірақ бұл өнімдер қымбат болса да, сұраныс жоғары. Бүгінде америкалықтар стейктің бір келісін біздің ақшамен 10 мың теңгеге сатып алады.
Авторлары: Жұлдыз Атагедьдиева, Әсел Абдыхалыкова