Өзбекстанда 500 әйел автобус тізгіндейді
Өзбекстанда 500 әйелді автобус жүргізушісі мамандығына оқыту жоспарланып отыр. Бұл туралы «Тошшахартрансхизмат» акционерлік қоғамы басшысының бірінші орынбасары Рустам Шамурадов мәлім етті.
Айта кетсек, бұған дейін Өзбекстан үкіметі әйелдерге қоғамдық және ауыр жүк көліктерін басқаруға шектеу қоятын заңнама талабын алып тастады. Сәйкесінше қазіргі таңда Ташкентте екі әйел автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді. Мекеме алдағы уақытта әйел жүргізушілердің қатарын көбейтпек.
Рустам Шамурадов, «Тошшахартрансхизмат» АҚ басшысының бірінші орынбасары:
- D және E санатындағы көлік басқаруға құқығы бар әйелдерді жұмысқа қабылдаймыз. Биыл 200 автобусты тізгіндейтін 500 әйелді оқыту жоспарланып отыр. Өйткені біз қазір қоғамдық көлік жүргізіп жүрген аз ғана нәзік жандының жұмысын жоғары бағалаймыз. Олар жол ережесін бұзбайды, темекі шекпейді және рульде ұялы телефон пайдаланбайды.
Айта кеткен жөн, қазір Ташкент әкімдігі электр автобустардың санын көбейтуге мүдделі. Себебі қаланың нашар ауа сапасы экологиялық таза көліктерге басымдық беруге мәжбүр етіп отыр.