Жапонияда 700 жылдан кейін 14 жасқа толмаған бір бала ғана қалуы мүмкін
Жапонияда бала туу деңгейі төмендеп барады. Болашақта елде 14-ке толмаған бір ғана бала қалуы мүмкін. Ұлттық Тохоку университетінің мамандары осындай зерттеу жасап, дабыл қағып отыр. Ахуалды өзгерту үшін биліктен шұғыл шаралар қабылдауын талап етіп жатыр. Бұған дейін елде бала тууды ынталандыру үшін түрлі жобалар қолға алынған. Бірақ әзірге нәтиже бермей отыр.
Жапонияда кісі өлімі бала туу көрсеткішінен жоғары. 125 миллионға жуық халқы бар елде бір жылда небәрі 727 мың сәби дүниеге келген. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ғалымдардың болжамы да қуантпайды. Шамамен 700 жылдан кейін елде 14 жасқа толмаған бір ғана бала қалуы мүмкін.
Сигэру Исиба, Жапония премьер-министрі:
- Демографиялық жағдайды жақсарту – мемлекет алдында тұрған басты міндет. Біз бұл проблеманы шешу жолдарын іздеп жатырмыз. Соның ішінде қызметкерлер үшін тиімді жұмыс кестесін құру мүмкіндігін қарастырып отырмыз.
Премьер-министрдің тиімді жұмыс кестесі туралы айтуы бекер емес. Өйткені жапондық жастар мансап қуып, отбасын құруға асықпайды. «Бала туу көрсеткішінің төмен болуы да осыдан», – дейді сарапшылар. Бұған елде қарт адамдардың тым көптігін тағы қосыңыз. Бүгінде тұрғындардың 30%-і – 65-тен асқан қариялар. Ал 15-ке толмаған балалардың үлесі 11%-ке жетеғабыл. Бұл экономикаға салмақ салып отыр. Өйткені денсаулық сақтау саласы мен зейнетақы жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды. Ал еңбек етуге қабілетті адам саны азайып барады. Қазірдің өзінде елде жарты миллионнан аса жұмысшы жетпейді. Сондықтан қарт кісілер зейнетке шыққаннан кейін де еңбек етіп жүр.
Хирофуми Терао, зейнеткер:
- Мен жастармен тәжірибеммен бөлісе аламын. Шамам келгенше жұмыс істей беремін. Өйткені бұл өзге адамдармен байланысты үзбеуге мүмкіндік береді. Өзімді қоғамға пайдалы сезінгім келеді.
Билік мәселені шешу үшін түрлі жобаларды қолға алып жатыр. Мысалы, былтыр балалар мен отбасы істері жөніндегі агенттік ашылды. Үкімет бала туу бойынша медициналық шығындарды мемлекеттік сақтандыру есебінен толықтай жабу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Өйткені ауруханада босану ақылы. Қызметтің орташа құны біздің ақшамен 1,5 миллион теңгеден асады. Билік демографиялық дағдарысты шешу үшін тіпті жасанды интеллектінің көмегіне де жүгінген. Сөйтіп, танысуға арналған түрлі қосымшалар іске қосылған. Сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, былтыр әр төрт жұптың біреуі сондай қосымшалардың арқасында қарым-қатынас құрған. Бірақ ғалымдар мұның өзі жеткіліксіз екенін айтып, билікті одан да тиімді шешімдер іздеуге шақырады.
Авторы: Жулдыз Атагельдиева.