Африкадағы Алжирде қалың қар жауды
АҚШ-тың Калифорния штатындағы орман өрт қайта өршіді. Ал елдің оңтүстігіндегі бораннан көз жұмғандар саны 10 адамға жеткен. Индонезияны су басып, лай көшкіні жүріп, 21 адам ажал құшты. Африкадағы Алжирде қалың қар жауды.
Лос-Анджелесте ормандағы өрт қайта өршіді
Лос-Анджелес қаласының маңында өрт қайта өршіді. Лаулап жанған от 39 шаршы шақырым аумақты жалмап үлгерген. Сан-Габриэль тауындағы 2800 шаршы шақырымды қамтитын Ұлттық саябақ келушілер үшін жабылды. Тілсіз жаумен күреске мыңнан астам өрт сөндіруші жұмылдырылған. Лос-Анджелес округінің шерифі Роберт Луна, 50 мың тұрғынға қауіпсіз жаққа шұғыл көшу туралы нұсқау берілді деп мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Калифорния штатындағы өрт шамамен 10 күн бұрын тұтанған. Итон ауданындағы оттың 91%, ал Пасифик-Палисейдс ауданында 68%-і сөндірілді. Жалпы 16 мың гектар жасыл желек күлге айналып, 28 америкалық көз жұмған. Мамандар: «Өрттің өршуіне құрғақшылық пен күшті жел себеп», – дейді. Қазір желдің екпіні сағатына 67 шақырым. Бірақ елдің Ұлттық күн райы қызметі желдің екпіні сағатына 96 шақырымға күшеюі мүмкін деп ескертті.
АҚШ-та бораннан 10 адам көз жұмды
АҚШ-та қытымыр қыс 31 миллион тұрғынды әбігерге салды. Елдің Ұлттық метеорология қызметі бұл аймақта қалың қар өте сирек кездесетінін айтады. Көптеген өңірде көп мөлшердегі ақ ұлпа 100 жылдан бері түспеген. АҚШ-тың төртінші ірі қаласы Хьюстонда қолайсыз күн райына байланысты мектептер жабылды. Жаңа Орлеанда қардың қалыңдығы 25 сантиметрге жетті. Мұндай жағдай қалада соңғы рет 2009 жылы тіркелген. Ел бойынша 2 мыңнан астам әуе рейсі кейінге шегерілді. Сондай-ақ 130 мыңнан астам үй мен кәсіпорын жарықсыз қалған. Елдің ең тропикалық штаты саналатын Флорида тұрғындары кейінгі 71 жылда алғаш рет көп қарға куә болды. Ақ ұлпаның қалыңдығы 23 сантиметрден асады.
Явада тасқын мен лай көшкінінен 21 адам опат болды
Индонезияның Ява аралында су тасқыны мен лай көшкіні қатар жүрді. Табиғи апаттардан 21 адам көз жұмған. Тағы 13 кісі із-түзсіз жоғалып кетті. Құрбандардың көбі – Пекалонган қаласының тұрғындары. Шаһарда ондаған үй мен көлікті лай басып қалды. 3 көпір қираған. Құтқару жұмысына 300 полицей мен сарбаз тартылды. Жергілікті синоптиктер аймақта 3 күн бойы жаңбыр жаууы мүмкін деп ескертіп жатыр.
Алжирде қалың қар жауды
Африкадағы Алжирде қалың қар жауды. Мұнда суық ауа ағыны Еуропаның солтүстігінен келген. Желдің екпіні сағатына 80 шақырымға жетті. Жерорта теңізінің батысындағы толқындардың биіктігі 4 метрден асқан. Қолайсыз күн райынан зардап шеккен ешкім жоқ. Керісінше африкалықтар омбы қардың түскеніне мәз. Таулы аймақ тұрғындары шанамен сырғанап қызыққа батып жүр.
Авторы: Ернат Рахметолла.