Дамыған елдер білім беру жүйесінде ЖИ игілігін көре бастады

Білімді болу – заман талабы. Әлемде дамыған елдер білім беру жүйесінде жасанды интеллектінің игілігін көре бастады, деп хабарлайды 24kz.

Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері тың инновацияны оқу бағдарламасына бастауыш мектептен бастап енгізді.

Финляндия мен Сингапурда да оқыту жүйесі көп елден озық. Ал Тайваньда оқушылар жаңа оқу жылынан бастап жасанды интеллектіге негізделген оқулықтарды кәдеге жарата бастады. Сонымен, бұл салада әлем елдерінің тәжірибесі қандай?

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Білім сапасы жоғары, технологияны жан-жақты меңгерген мемлекеттермен қатар әлі жазу-сызуға қолы жетпеген елдер де бар.

 

Үндістанда мектепте робот оқытушы сабақ береді

Үндістанда мұғалімнің орнын жасанды интеллект жаулай бастады. Одиша штатындағы мектептердің бірінде оқушыларға робот оқытушы сабақ береді. Оны жергілікті студенттер құрастырып шығарған. Бұл жұмысқа жарты жыл уақытын жұмсапты. Олардың айтуынша, инновация білім алушылардың оқу процесін жеңілдетіп әрі үлгерімін жақсартады. Шаршамайды, жылдам жұмыс істейді әрі тұрмыстық ресурсты қажет етпейді. Керек десеңіз, дәрісті тоқтамастан бес-алты сағат қатарынан түсіндіре алады. Тіпті оқушылар оған үндінің ұлттық киімі сариді кигізіп қойыпты.

Амарендра Свейн, жоба авторы:

- Мектеп директоры бізден жасанды интеллектке негізделген құлтемір оқытушы құрастырып шығаруымызды сұрады. Біз жобаға кіріспес бұрын бұған дейін қолданысқа енген бірнеше жобаны зерттеп көрдік. Сөйтіп, ChatGPT-дің серверін қолдана отырып, осы технологияны жасап шықтық.

 

Тайваньда жасанды интеллект оқулықтары қолданылады

Тайвань билігі де жасанды интеллектінің игілігін көре бастады. Өткен жылы жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа енгізілген инновациялық оқулықтар мұғалімнің жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп, оқушының үлгеріміне оң ықпал етті. Оқулық жасанды интеллектіні дәстүрлі әдіспен үйлестіре отырып жасалған. Ол ұстазға баланың тапсырманы қаншалықты дұрыс орындап жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ дәрісті оқушының қабілетіне қарай бейімдейді. Осылайша, Тайвань білім беру ұйымдары біртіндеп цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Енді жергілікті білім министрлігі бірнеше жоғары оқу орны арасында жасанды интеллект одағын құруды жоспарлап отыр.

Хуан Хуэй Чунь, баспахана директоры:

- Біз ЖИ оқулықтарын оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың үлгерімін қадағалау үшін енгіздік. Ол сондай-ақ сабақты баланың қажетіне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.

Цай Ень Лун, Ұлттық Чэнчи университетінің профессоры:

- Жасанды интеллект білім беру процесін жақсартуға зор мүмкіндік береді. Ең алдымен оның негізгі рөлі айқындалуы керек. Бұл оқушылардың ойлау қабілеті мен шығармашылық дағдыларын дамыту үшін маңызды.

 

Италия мектептерінде виртуалды көмекшілер пайда болды

Италияда былтыр қыркүйектен бастап 15 мектепте жасанды интеллект негізінде виртуалды көмекшілер пайда болды. Пилоттық жоба балалардың қарым-қабілетін анықтап, білім беру сапасын жақсартуы тиіс. Тәжірибе аяқталғанда ұлттық институт оның тиімділігін бағалайды. Бұл процесс 2 жылға созылады. Оң нәтиже байқалса, виртуалды көмекшілер басқа мектептерде де пайда болуы мүмкін.

Томмазо Сальвини, мектеп директоры:

- Жасанды интеллект қатені анықтап қана қоймайды. Сондай-ақ ол оқушының қай сабақтан үлгерімі төмен екенін бағалай алады. Сол бойынша қосымша бағдарламалар ұсынып, оны жақсартуға жағдай жасайды.

 

Жасанды интеллект: оқытудағы озық әдістер

Жасанды интеллект әлемнің көп елінде оқыту жүйесінде озық құрал ретінде қолданылып отыр. Оқытушының жұмысын жеңілдетіп, оқушының оқу үлгерімін жақсартуға атсалысады. Мысалы, жасанды интеллектке негізделген платформа оқушының қарым-қабілеті мен дағды деңгейін бағалайды. Оған түсініксіз ұғымды жәй қарқынмен меңгеруге көмектеседі. Ерекше балаларға оқу процесіне толық қатысуға мүмкіндік береді. Оқушымен кері байланыс жасап, автоматтандырылған бағалау жүйесін ұсынады. Оқу бағдарламасын жоспарлап, дәрісті интерактивті ойындармен қызықты өткізуге жағдай жасайды. Әкімшілік жұмыстарды да атқарады. Тағы бір ерекшелігі, ата-ана мен ұстаз, оқушы мен оқытушы арасында жылдам байланыс құралы ретінде қолданылады.

 

Финляндия мектептері электронды құралдан бас тартып жатыр

Ал біраз жыл бұрын оқу жүйесін толық цифрландырған Финляндия электронды құралдардан бас тартып жатыр. Гаджет нәтижесіз болған сияқты. Сөйтіп, былтыр балалар жаңа оқу жылын ноутбукпен емес, бұрынғыдай кітаппен бастады. Мамандар компьютер мен интернеттен гөрі кәдімгі кітап пайдалы дейді. Бұған дейін Финляндияда 11 жасқа толған барлық оқушыға лаптоп тегін берілетін. Бұл әлемдік деңгейдегі жетістік саналып келді. Сөйтсе, мұның пайдасынан зияны басым екен. Енді үкімет гаджеттерді шектейтін жаңа заң қабылдауды жоспарлап отыр.

Минна Пелтопуро, нейропсихолог:

- Экран алдында көп уақыт өткізу адам көңілін алаңдатады, мида мазасыздық болады. Интернетте отырған адам бір мезетте көп іспен айналысып, ағзасын шаршатады. Математика есебін шығарып отырған бала арасында Instagram-ын тексереді, хаттарды оқиды, сөйтіп негізгі пайдалы тапсырмадан ауытқиды.

 

ЮНИСЕФ: 2050 жылы 96% бала білім алуға қолжеткізеді  

Кей елдерде жаңа технология былай тұрсын, мектепке барып білім алудың өзі мұң. Дәптер, кітап ұстап, жазу-сызуды білмейтін балалар да бар. Бұл, әсіресе, қара құрлықтағы табысы төмен елдерде қатты байқалады. Өткен жылы аймақтағы тұрғындардың тек 26%-і ғана сымсыз байланыс желісіне қосылды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 95%. Бірақ ЮНИСЕФ ұйымының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай балалардың 96%-іне білім алу қолжетімді болады. Гендерлік алшақтық азайып, экологиялық қауіпке ұшырау азаяды.