Тәжік-ауған шегарасын нығайту бағдарламасы іске асырылады
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы биыл Тәжікстан мен Ауғанстан шегарасын нығайтумен айналысады.
Бұл туралы Бас хатшы Иманғали Тасмағамбетов Ұйымның хатшылығы мен Біріккен штабтың 2024 жылғы жұмысын қорытындылауға арналған отырыста мәлімдеді. Шегараны нығайту бағдарламасы – ұйымға мүше елдердің басшылары былтыр қарашадағы Астана саммитінде қол қойған 14 құжаттың бірі. Жоба 3 кезеңнен тұрады және 5 жылға жоспарланған. Бірінші кезеңде Тәжікстан шегараның белгілі бір аумағын нығайту шараларын ұсынуға тиіс. Қалған мемлекеттер осы мақсатқа бөле алатын қаржы көлемін анықтайды.
Айта кетейік, Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы шегара Орталық Азиядағы ең ұзын шегара. Ол 1 мың 344 шақырымға созылған.
Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ бас хатшысы:
- Қазақстанның төрағалығына жоғары баға берілді. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жұмысына үлкен қызығушылықпен және жауапкершілікпен қарайды. Хатшылық Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындыларына оң баға береді. Мүше мемлекеттердің басшылары ұйымның қағидаттары мен мақсаттарын ұстанатынын білдірді.