Әлемде 1 млрд 400 млн баланың әлеуметтік құқығы шектелген
Соның кесірінен дені науқас, аш-жалаңаш, кедейлікте өмір сүреді, деп хабарлайды 24kz.
Қазіргі таңда кішкентайынан жұмысқа жегіліп, құлдықта жүрген 160 млн бала бар. Сорақысы сол, олардың құқын қорғауға арналған заңдар болса да, қылмыстық әрекет тыйылмай тұр.
Былтыр Францияда алғаш рет баланың жеке басын қорғауға арналған жаңа заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, ата-анасының келісімінсіз оның суретін, жеке деректерін пайдалануға тыйым салынды. Тіпті баланың әке-шешесі де мәліметті жарияламас бұрын одан рұқсат алуға тиіс. Құқық бұзған жағдайда 45 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Бұл біздің ақшамен 24 млн теңге. Кейінгі дерекке сүйенсек, Кәрі құрлықта 15 жасқа толмаған 68 млн бала бар. 2023 жылы құқығына нұқсан келген 1,3 млн бала Еуроодақтың құқықтық көмегіне жүгінген.
Ауғанстанда бала жастайынан жұмысқа жегіледі
Ауғанстанда бала құқы сақтала бермейді. Бұл елдің балалары мектепке барудың орнына жұмысқа жегіліп, кесек тасиды. Оған себеп – тұрмыс тауқыметі. Жағдайы жетпеген отбасылар жастайынан баласын жұмысқа жегіп, ықпалды адамдардың қол астына жібереді. Кесек таситындары күніне 2 доллардай табады. Бұл біздің ақшамен есептегенде небәрі 800 теңгедей. Жалпы Ауғанстанда ұл балалардың 55%-і, қыз балалардың 67%-і мектепке бармайды.
Үндістанда балалар арасында әлеуметтік теңсіздік бар
Әлемдегі бала саны тым көп Үндістанда қолданыстағы заң құқы әр балаға бірдей қарауды және олардың қауіпсіз, еркін әрі жақсы өмір сүруін қамтамасыз етеді. Бірақ бұл елде жынысына, жасына және дініне байланысты әлеуметтік теңсіздік әлі де бар. Бұл миллиондаған баланың дұрыс тамақтанбауына, еңбегін қанап, ерте некеге тұруына итермелейді. Қазір Үндістанда кәмелет жасына толмаған 431 млн бала тіркелген.
Қарулы қақтығыс аймақтарында 473 млн бала өмір сүреді
Былтыр қақтығыс аймақтарындағы балалар үшін тарихтағы ең қиын жылдардың бірі болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ЮНЕСКО осындай баға берген. Ұйымның зерттеуіне сәйкес, әлем бойынша бала құқығының бұзылуы, оның ішінде кісі өлтіру, жарақат алу, білімге қол жетімділіктің болмауы мен дұрыс тамақтанбау статистикасы айтарлықтай өскен. Әсіресе, Газа, Сирия, Мьянма, Гаити және Суданда жоғары. 18 жасқа дейінгі 473 млн-нан астам бала бүгінде қақтығыс аймақтарында өмір сүреді. 52 млн-ы мектеп бағдарламасы бойынша білім ала алмайды.
Әлемде мүмкіндігі шектеулі 120 млн бала мектепке бармайды
Әлемде әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы жиі бұзылады. Өкінішке қарай, мұндай топтағы 120 млн бала жазу-сызуды білмейді. Олардың көбі – қыз бала. Әсіресе, дамушы мемлекет пен қара құрлықтағы біраз елде жүйеге инклюзивті білім беру енгізілмеген. Сол себепті бұл әдіс әлі күнге кенже қалып тұр. Өйткені мұндай мемлекеттерде ерекше балалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ресурстар мен инфрақұрылым жеткіліксіз.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева