Израиль әскері оңтүстікке өтпек болған 22 ливандықты өлтірді
Израиль күштері өз Отанына оралмақ болған 22 ливандықты атып тастады, деп хабарлайды 24kz.
Құрбандардың алтауы әйел. Тағы 124 адам жарақат алған. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлады. Хабарға қарағанда, Израиль әскерін Ливанның оңтүстігінен шығару туралы келісімнің мерзімі аяқталса да, Израиль күштері сол жерде қалып қойған. Олар бұл туралы алдын ала мәлімдеп, тұрғындарға әзірге аймаққа оралмауын ескерткен-мыс. Бұған қарамастан мыңдаған Ливан азаматы шекарадан өтуге тырысады. Ал Израиль армиясы бұйрықты елемеген бейбіт тұрғындарға сол мезетте оқ жаудырады. Өйткені бұл жерді Израиль басып алған. Израиль-Ливан арасында қақтығыс басталғалы 4 мыңнан астам ливандық қаза тауып, 17 мыңға жуық кісі жарақат алды. Олардың дені – әйел мен бала.