Африкадағы жолдың сапасы сын көтермейді
Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі. Сондықтан ол БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына енген. Тіпті Дүниежүзілік экономикалық форум аясында жолдардың сапасы туралы баяндама да жарияланып отырады. Соған сәйкес Еуропа мен Азияның жолдары үздік деп танылған. Ал көш соңында Африка мемлекеттері тұр.
Африкадағы жолдардың сапасы сын көтермейді
Автомобиль жолдарының сапасы бойынша көш соңындағы елдердің көбі Африкада орналасқан. Ең нашар көрсеткіштің бірі құрлықтың орталық бөлігіндегі Чад республикасында. Саяси тұрақсыздық пен географиялық алшақтығы салдарынан елдің инфрақұрылымы нашар дамыған. Автокөлік жолдарының ұзындығы 33 мың шақырым болса, соның тек 500 шақырымдайы ғана арнайы материал төселіп салынған. Тіпті ел астанасы Нджаменаданың өзінде асфальт төселген жол аз. Мұның бәрі жауын-шашын маусымы кезінде көлік қозғалысын қиындатады.
Молдовада жол апатынан адам өлімі көбейген
Бұл Африкадағы ахуал. Ал Еуропа бойынша жолдары нашар мемлекеттің бірі – Молдова. Мұнда асфальттың сапасы төмен. Бұған жүргізушілердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауын қосыңыз. Салдарынан жол-көлік апаттары жиі тіркеледі. Еуропаның Швеция не Норвегия секілді елдерімен салыстырғанда көрсеткіш 5 есе жоғары. Бір миллион тұрғынға шаққанда 83 кісі өлімі тіркеледі екен. Сарапшылар мәселені шешу үшін жүргізуші куәлігін алу кезінде жемқорлыққа жол бермеуге шақырады. Сонымен қоса жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша бірнеше жыл бұрын қабылданған ұлттық стратегияны жаңарту керектігін де айтады.
Сингапур жолдары үздіктер қатарында
Жолдары сапалы елдердің қатарында Еуропа мен Азия мемлекеттері көп. Мамандар 150-ге жуық елдегі жағдайды саралағанда тек жол сапасын ғана емес, көлік апатынан болатын кісі өлімінің көрсеткішін және шалғай өңірлердегі инфрақұрылымның дамуын да ескереді. Осы көрсеткіштер бойынша Сингапур үздік деп танылған. Сарапшылар бұған инновациялар, халықты көлікпен қамтамасыз ету деңгейінің артуы мен қоғамдық көлік қозғалысының реттелуі әсер еткенін айтады. Мұнда жол құрылысына Жапония мен АҚШ-та тиімді деп танылған бетон технологиясы қолданылған. Бірақ мұның бәрі – қымбат дүние. Сондықтан жүргізушілер үшін жолды пайдалану шығындары өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалыкова.