Түркияда мысықтар санитар қызмет атқарады
Егеуқұйрықтан өзге елдер қалай сақтанады? Мұнымен қоса ит те, иесіз мысық та көп дейміз. Олар ауру тарата ма, әлде аурудан сақтай ма?
Иә, жұрттың көбі қараусыз хайуандар ауру таратады деп те қорқады. Бұл солай ма? Мысалға, Түркия иесіз итпен күреске шындап кіріскенімен, мысыққа кең. Өйткені бір кездері қазір біз қорқып жүрген егеуқұйрықтан осы мысықтың арқасында құтылған. Мысықтар мейрамхана, дәмхана, дүкендер мен мешіттерде емін-еркін жүріп, сол жерде ұйықтай береді. Түркияда шамамен 5 миллион, бір ғана Ыстамбұлда 125 мың мысық бар екен. Тіпті туристер Ыстамбұлды әзілдеп «Кэтстантинополь» деп те атайды. Ал ел астанасы Анкарада биліктің өзі мысықтар үшін арнайы «кеди эви» деп аталатын үйшіктер орнатып, олардың далада қалмауына жағдай жасайды.
Түркияда мысықтар санитарлық қызмет атқарады. Кеміргіштермен күреседі, егін шаруашылығына зиян келтіретін зиянкестерді жойып отырады. Мысықтар әсіресе ара-тұра мегаполистерде қаптап кететін егеуқұйрықтарға қас.
Таркан Өзчетин, ветеринар-дәрігер, Анкара мысықтар қауымдастығының президенті:
- Түркия – мысықтар елі. Бұл жануарлар алғаш рет Тигр мен Евфрат өзендерінің арасында орналасқан Месопотамияда қолға үйретілді. Егінмен айналысқан өңір тұрғындарының негізгі жауы егеуқұйрықтар болды, оларды мысықтар жеңді. Ал Еуропада кеміргіштер көп қиындық туғызғанымен, Түркияда олар өте сирек. Мысықтар 3000 жыл бұрын Анадолыда қандай қызмет атқарса, бүгін де дәл сол миссияны жалғастырып келеді. Бұл екі жаққа да тиімді қарым-қатынас.
Мысыққа құрмет Түркияда діни дәстүрлерге де қатысты. Жамағат пайғамбардың өзі шапанының етегінде ұйықтап қалған мысықты оятып алмас үшін етегін кесіп тастаған дейді. Сол себепті мысықтардың мешіттерге кіруіне рұқсат. Анкара мысықтар қауымдастығының басшысы бұл жануарлардың ғасырлар бойы Анадолы тұрғындарын түрлі дерттерден қорғағанын айтады.
Таркан Өзчетин, ветеринар-дәрігер, Анкара мысықтар қауымдастығының президенті:
- Орта ғасырларда оба індеті Еуропа халқының жартысына жуығын алып кетті. Сол кезеңде Осман империясында оба ауруы таралған жоқ. Кейінірек бұл ауру егеуқұйрықтардан шыққаны белгілі болды. Ал Еуропада шіркеудің ықпалымен мысықтар шайтанмен байланысты деп жойылған. Нәтижесінде тышқандар көбейіп, оба бүкіл Еуропаға тарады. Тағы да айтам, Түркияда мысықтардың болуы кеміргіштердің жойылуына ықпал етіп, бұл індеттің таралуына жол бермеді.
Мехмет Юксеккая, ветеринар:
- Түрік халқы мысықты ерекше жақсы көреді. Әр адым жерде арнайы су мен тамақ қойылған. Біздің климатымыз мысықтардың өмір сүруі мен көбеюіне өте қолайлы. Түркияда Анадолыға тән екі мысық тұқымы бар: Ангора мысығы және Ван мысығы.
Жалпы Анадолы халқы үй жануарларына ерекше құрметпен қарайды. Бір ғана мысал Айя-София мешітінде тұратын Гли есімді мысықтың өліміне бүкіл ел қайғырған еді. Бұл мысықтардың Түркия мәдениетінде қандай маңызды орын алатынын көрсетеді.