Қытайда робот иттер қарияларға күтім жасайды
Қытайлар робот ит жасап шығарды. Бұл да иесіне адал, қызмет қылады, айтқанын екі етпейді. Тіпті күзетіп жүреді. Шанхай университетінің мамандары жасанды интеллектінің көмегімен жасаған темір ит суыққа төзімді, жаздың аптабында да қалтқысыз қызмет етеді.
Қытай жұрты жасанды интеллектінің игілігін көргелі қашан. Енді олар технологияның көмегімен құрастырылған құлтемір итті кәдеге жаратып отыр. Шанхай университетінің ғалымдары ойлап тапқан алты аяқты роботтар тұрмыстық техниканы бақылау, қарт адамдарға күтім жасау сияқты тапсырмаларды орындай алады.
Гао Фэн, Шанхай Цзяотун университетінің профессоры:
- Жасанды интеллект технологиясын қолдануда назар аударатын ең маңызды үш нәрсе бар. Біріншісі – үлкен аудио модельдерді оқыту, екіншісі – визуалды мүмкіндіктер арқылы қоршаған ортаны тану, соңғысы – адаммен өзара әрекеттестікті түсіну.
Темір иттің кәдімгі үй жануарынан айырмашылығы, ол жылдам қозғалып, ауыр жүктерді көтере алады. Қосымша қолдары арқылы құралдарды тасымалдайды. Мұзда тайғанамас үшін арнайы аяқ киіммен, жылу ұстап тұратын құрылғымен жабдықталған. Сол себепті 40 градус суықта да үздіксіз 4 сағат жұмыс істеуге мүмкіндігі жетеді. Тағы бір ерекшелігі, робот иттер ойлы-қырлы жерлерді оңай еңсеріп, қауіп-қатерді алдын ала анықтауға қабілетті.
Гао Фэн, Шанхай Цзяотун университетінің профессоры:
- Әлі күнге қарт адамның байланыс орнатуын қамтамасыз ету және иттің ол адамның соңынан еріп келе жатқанын визуалды бақылау қиындық туғызып отыр. Сол себепті біз бұл құрылғыны әлі де зерттеу үстіндеміз.
«Келешекте құлтемір ит қариялар үшін күтім жасайтын көмекші ғана емес, қорғаушы серігі болады», – дейді жоба авторлары. Адасып қалса, дұрыс бағыт сілтеп, апат болса, құтқарушылармен шұғыл байланыс орнатуға бейімделмек.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.