Түркияда иттерге қарсы науқан басталды

Түркияда кейінгі екі жылда 107 адам иттің аузынан мерт болған. Оның елуі – бала. Жағдай ушыққан соң мәселеге президент Ердоған өзі араласып, үкімет біраз шара қабылдады. Өйткені жұрттың біразы иесіз иттерден құтылуды жөн санаса, біреулер қорғаштап әлек.

Түркияда иесіз иттер әжептәуір проблемаға айналды. Сол себепті таяуда арнайы заң да қабылданды. Қазір елде 4 миллионға жуық ит бар екен. Бұл иесіз жүргендері ғана. Жаңа заң жалпылай алғанда эвтаназияға тыйым салады, бірақ кей жағдайда рұқсат бар.

Таяуда Юксекова өңірінде қаңғыған иттер 12 жастағы баланы талап тастаған. Жасөспірім сол жерде жан тәсілім етті. Ал мұндай жағдайлар елде жиілеп кеткен. Осы себепті президент Ердоған елде иесіз иттерге қарсы жалпыұлттық науқан басталғанын жария етті.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Балаларымызды қаптаған иесіз хайуанның талап жатқанына жол бере алмаймыз. Осыған үкімет деңгейінде әрекетке көштік. Бұл мәселенің шешімсіз қалуынан пайда көретін топтардың қарсылығына қарамастан қажетті түзетулерді жасадық. Юксековадағы жүректі сыздатқан оқиға біздің алаңдауымыздың орынды екенін тағы бір рет растады. Барлық муниципиалиттер заң бойынша саяси партиялардың ықпалына түспей, өз міндеттерін орындауға тиіс.

Бірақ заң қабылданып, президент кесімін айтса да, бұған қарсылар бар. Бір топ адамды қорғау қажет деп санаса, тағы бір топ жануарларды қорғаштап, наразылық танытып отыр. Яғни мұндай шараның тым қатал әрі қауіптілігін ескертіп, мәселені гуманистік жолмен шешуге шақырды.

Мелике Ташан, тұрғын:

- Жаңалықтардан иттердің адамдарға шабуылын көріп жатамыз. Өзім де кей жерлерде иттерді көшеде көрсем, басымды ала қашамын. Оның қайсысының қабаған екенін білмейсің. Алдын алған жөн. Адам өмірі ме, жануар ма десе, әрине, адам өмірі бірінші кезекте дер едім.

Дуйгу Аслан, дүкен иесі:

- Эвтаназияға түбегейлі қарсымын. Одан көрі паналату орындарының санын көбейту керек, стерилизация жасау қажет деп ойлаймын. Біз жануарлар әлемін талқандап тастадық. Оларды да түсінуге болады. Менің де балам бар. Қалай дегенмен де бас салып атып тастамай, стерилдеу, емдеу керек. Оларды қоректендіретін, жаны тыныш болатын баспаналар құру қажет деп есептеймін.

Түркияда иесіз ит-мысықтарды уақытша паналатып әрі тексеретін осындай арнаулы орталықтар бар. Олардың қызметін жергілікті билік бақылап, қаржыландырады. Бұған қоса жануарларды қорғаушылар мен қайырымды жандардың бірлесіп ашқан орталықтары да жеткілікті. Көбі қала сыртынан тысқары орналасқан. Мұнда қаңғыбас ит-мысықтар белгілі бір уақытқа дейін қамқорлықта болады. Тексеруден өтеді, ұрықсыздандырылады. Құлақтарына чип тағылады. Онда жасы, қандай екпе салынғаны туралы дерек жинақталған.

Кубра Йорулмаз, Мамак әкімдігінің ветеринары:

- Ұрықсыздандырылған барлық иттердің құлағына чип-сырға тағылған. Олардың дені ауыл және орман шаруашылығының «Хайбис» атты жүйесіне енгізіледі. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл иттердің жеке куәлігі. Жануарларын далаға тастаған адамдарды да осы жүйе арқылы анықтап, шара қолданамыз.

Түркияда өңірлердің бәрінде иесіз ит пен мысықтарға арналған орталықтар жұмыс істеп тұр. Десе де кейінгі жылдары олардың саны едәуір көбейіп, орын жетпей жатыр. Осы себепті 2028 жылға дейін тағы жануарлар орталығы салынады. Зарарсыздандыру және вакциналау жұмыстарын ширату міндеті де тұр.