Жолаушыларға парашют неліктен берілмейді?
Әлемде күніге 10 миллион жолаушы ұшақпен қатынайды.
Бұл жылына 4 миллиард адам діттеген жеріне тез жетеді деген сөз.
Бірақ жылына 100-ден астам ұшақ апатқа ұшырайды. Кейінгі 10 жыл ішінде қайғылы оқиғалардың 21 пайызы ұшу, 71 пайызы қону кезінде болған.
Бұл Халықаралық азаматтық авиация ұйымының дерегі. Жалпы, әлемде ең қауіпсіз саналатын көлік түрі неліктен қауіп пен қатерге толы?
Ұйым өкілдері ұшақ апаттарының 15 пайызы техникалық ақау, қалғаны адам факторы екенін айтады.
Әлемдегі ең ірі ұшақ апаттары
Алысты жақын қылған, ең қауіпсіз көлік атанса да, әуе кеңістігінде ұшақтар түрлі себеппен апатқа ұшырайды. Адамзат тарихындағы ең ірі ұшақ апаты Испаниядағы Лос-Родеос әуежайында болды. Ұшу-қону жолағында екі бірдей Boeing 747 ұшағының соқтығысуынан 583 адам көз жұмды. Ұшақ апатына экипаж мүшелері мен диспетчерлер арасындағы түсініспеушілік себеп болған. Испан диспетчерлерінің ағылшынша акценті болған, оның үстіне ұшқыштар бір-бірінің сөзін бөліп, дұрыс қарым-қатынас жасамаған. Нәтижесінде екі ұшақ та тұманның әсерінен бірін-бірі көрмегендіктен бұрылып үлгермей, бетпе-бет соқтығысады.
"Boeing 747-206B" – "Pan American Boeing 747-121"
Орын: Испания, Тенерифе аралы
Себеп: Екі ұшақтың соқтығысуы
Күні: 1977 жыл, 27 наурыз
Қаза тапқан адам саны: 583
Тағы бір трагедия Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының Оңтүстік мұнарасына жасалған лаңкестік шабуыл кезінде болды. Салдарынан борттағы 65 жолаушы, мен ғимарат маңындағы 900 адам қаза тапты.
"Boeing 767-222ER"
Орын: АҚШ, Нью-Йорк
Себеп: Лаңкестік шабуыл
Күні: 2001 жыл, 11 қыркүйек
Қаза тапқан адам саны: 65 жолаушы, 900 тұрғын
Қауіпсіз ұшақ жобасы
Ұшақ апаты кезінде жолаушыларды қалай аман қалып болуға болады деп авиация саласындағы мамандар бас қатырып келеді. Жобалар да ұсынылды. Осыдан 9 жыл бұрын жолаушыны апаттан аман алып қалатын ұшақтың нобайы құрастырылды. Бұл қазір желі қолданушыларының арасында жиі талқыға түсіп жүр. Бұл украиналық инженердің ойлап тапқан жобасы. Ұшақтың жолаушылар отырған бөлігінің үстіне парашют орнатылған. Астыңғы жағына пантондар бекітілген. Парашют әуеден жерге аман-есен қонуға көмектессе, пантон суға қонған жағдайда батып кетпеуін қаматамасыз етеді. Дегенмен, бұл жобаға тағылған түрлі сын-пікір көп. Бәрінен бұрын, бұл ажыратылатын бөлік ұшақтың бастапқы күйін бұзады. Әрі пилоттардың қауіпсіздігі қарастырылмаған. Енді көп талқыланған бұл жобаның іске асуы-аспауы екіталай.
Ұшақта жолаушыларға парашют берілмейді
Жолаушылар ұшағында қауіпсіздік мақсатында парашют берілмейді. Мұның халықаралық азаматтық авиация ұйымы бекіткен өз себептері бар. Біріншіден, ұшақ көлікпен салыстырғанда апатқа аз ұшырайды. Ұшу кезінде 11 миллион жағдайдың бірінде ғана ұшақ апатқа ұшырайды, ал жердегі көлік 5 мың жағдайдың бірінде апатқа ұшырап жатады.
Екіншіден, ұшақ шамамен 10-12 км биіктікте 800-1000 км/сағ жылдамдықпен ұшады. Бұл парашют мүлдем пайдасыз деген сөз. Себебі борттың сыртындағы температура минус 40 градустан минус 60-қа дейін жетеді. Әрі оттегі сирек болады. Мұндай биіктіктен парашютпен секірген адам жерге жетпей көз жұмады.
Сондай-ақ 100-500 парашютті алып жүру өте қиын. Ұшаққа оны тиеу тиімсіз. Жолаушылардың жүгін орналастыруға орын қалмайды. Әрі бұл әуе билеттерінің қымбаттауына әсер етеді, өйткені парашют қымбат.
Сөйтіп, әзірге жобалар бар, ақыл айтуышлар көп болғанмен әлем ұшақ пен ондағы жолаушылардың қауіпсіздігі үшін оңтайлы ештеңе ойлап тапқан жоқ.
№1. ұшақ апатқа аз ұшырайды
Ұшақ - 11 000 000/1
Көлік - 5 000/1
№2. ұшу жылдамдығы мен ауадағы қысым
10-12км биіктікте - 800-1000км/сағ
№3. парашютті ұшаққа тиеу тиімсіз