Еуроодақ қорғанысты күшейтеді

Брюссельде өткен саммитте кәрі құрлық елдері салаға 500 миллиард еуро инвестиция құюға келісті.

Қомақты қаржы қайда және қалай жұмсалады?

Бұл ЕуроОдақ елдері көшбасшыларының биыл жыл басталғалы Брюссельде бірінші рет бас қосуы. Бейресми саммиттің басты мақсаты - кәрі құрлықтың қорғанысын күшейту. Жыл сайын салаға миллиардтаған еуро бөлініп жатқанымен ол әлі де жеткіліксіз дейді шенеуніктер. Еурокеңес басшысы Антониу Коштаның айтуынша, мемлекеттер өз қауіпсіздігіне асқан жауапкершілікпен қарауы қажет.

Антониу Кошта, Еуропалық кеңес төрағасы:

- Біз Еуропалық қорғаныс агенттігінің негізгі мәселелеріне жіті көңіл бөлеміз деп шештік. Бұл іс толықтай НАТО-мен бірге жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, қарулы күштерді қаржыландыру жағын да талқыладық. 2021-2024 жылдары саладағы шығындар 30%-ға өсті. Бүгінде Еуроодақтың 23 елі жалпы ішкі өнімдерінің шамамен 2%-ын қорғанысқа жұмсайды. Бұл әрі қарай да жалғасын табуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік һәм жеке инвестицияларды көбейтуіміз қажет.

Егемендікті қорғау мәселесін сөз еткен мемлекет басшылары Дания шекарасының тұтастығына да қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Бұл қадам АҚШ-тың Данияның Гренландия аралына қатысты аумақтық талабының артуына байланысты жасалды.

Дональд Туск, Польша Премьер-министрі:

- Кездесуде бәрі бірауыздан Данияға қолдауын білдірді. Бұл өте маңызды. Біз қауымдастық ретінде қандай қауіп-қатерге тап болуымыз мүмкін екенін білеміз. Сондықтан қолдау тек сөзбен емес, іс жүзінде де көрініс табуы керек.

Саммитте Еуроодақтың қорғаныс стратегиясын дамыту жөніндегі құжаттың әзірленетіні де мәлім болды. Еурокомиссия оны 19 наурызда жарияламақ. Құжат Еуроодақ әскерінің әлеуетін арттыру бойынша қабылданатын алдағы шешімдерге негіз болады. Бұдан бөлек кәрі құрлық көшбасшылары келесі жылы және 2028-2034 жылдар аралығында қарулы күштерге бөлінетін қаржы мөлшерін арттыруға келісті. Алайда ол қайдан алынатыны әзірге белгісіз.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов