Сирия Түркиядан шекарасын қорғауға көмектесуді сұрады

Сирияда билікке келген оппозициялық үкімет Түркиядан ел шекарасын қорғауда көмек беруін сұрады, деп хабарлайды 24kz.

Ахмет аш-Шара әкімшілігі, сондай-ақ, Голан жоталары үшін алаңдаушылығын білдірді. Қазір жаңа үкімет күштік құрылымдарды реформалауға кіріскен. Әскери және қауіпсіздік доктринасын толығымен жаңартпақшы. Шекара қауіпсіздігі мен армияны қайта құрылымдауда алдына бірқатар мақсат қойып отыр. Израильмен шекараны бақылау үшін озық қауіпсіздік жүйесін орнатуды қалайды.

Эмрах Кая, халықаралық қатынастар сарапшысы:

- Сирия Түркиядан шекараларын қорғау және Голан жотасын сақтау үшін көмек сұрады. Түркия алғашқы күндерден бастап Сирияның аумақтық тұтастығын қолдап, қауіпсіздік мәселесінде негізгі ойыншыға айналды. Сириядағы оппозицияның жалғыз қолдаушысы – Түркия. Сондай-ақ Түркия аймақта өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәуелсіз күш ретінде әрекет етеді. Осы себепті Сирия Түркиядан түрлі көмек сұрауы – қалыпты жағдай. Сондай-ақ режим құлағаннан кейін Израильдің Сириядағы әскери аймақтарды атқылағанын білеміз. Израильдің әрекеті Сирияның қауіпсіздігін әлсіретеді. Оны қайтадан қалпына келтіру үшін Шамға Түркия сияқты сенімді елдердің қолдауы қажет.