Қарағандылық шебер таскөмірден зергерлік бұйым жасайды

Көмірді маржанға айналдырады.

Қарағандылық шебер өңір индустриясының символы - таскөмірден зергерлік әшекейлер жасайды.

Шебердің қолынан шыққан сәндік заттар көздің жауын алады. Оның шағын көрмесі, тіпті Милан сән апталығында да талайды таңдай қақтырған.

Ольга Целлердің шеберханасында жұмыс бір сәтке де тоқтамайды. Ол көмірді әуелі тегістеп, жылтыратып біртіндеп әсем әшекейге айналдырады. Мамандығы экономист болғанына қарамастан кішкентай кезінен қолөнерді таңдаған. Алдымен әртүрлі материалдармен тәжірибе жасап көрген. Бірақ өзінің ерекше туындысын ойлап тапқанша, ізденісін тоқтатпады. Осылайша дәстүрлі асыл тастардың орнын Қарағандының символы көмір басқан. 

Ольга Целлер, дизайнер:

- Түрлі материалдармен, түрлі технологиямен тәжірибе жасағанды ұнатамын. Әртүрлі әшекейлер жасаймын. Ал көмір бізде көп өндірілетін пайдалы қазба. Өңір индустриясының бастауында осы қара алтын тұр. Символды түрде көмірден әшекейлер жасап, халықаралық көрмелерде шығармашылығыммен қатар өлке тарихын да насихаттап жүрмін. 

Көмірмен жұмыс істеу ерекше ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Ольганың алғашқы жасаған бұйымдары нәзік, көбіне сәндік сипатта болған. Уақыт өте келе, қателіктерді түзеу арқылы технологиясын жетік меңгеріп алды. Қазір әшекейлері берік, әрі күнделікті тағуға болады. Дизайнер көмірдің түрлерін жақсы біледі. Көбіне әшекей жасауға ең сапалы антрацитті пайдаланады. 

Ольга Целлер, дизайнер:

- Бұл көмірдің ең қымбат түрлерінің бірі. Жылтыр, әдемі келеді. Онымен жұмыс істеу ыңғайлы. Арнайы қоспалармен өңдеп, беріктігін арттырамыз. 

Ольганың қолынан шыққан дүниелерді алып тағатындар көп. Солардың бірі - Наталья Старостина. Ол дизайнердің жұмысын әлеуметтік желіден көріп, әшекей сатып алған. Кейін бұл бағытта өзін сынап көру үшін шеберлік сабағына жазылды. 

Наталья Старостина, қала тұрғыны:

- Өзім де жасап көруге қызығушылық таныттым. Жаз бойы тәжірибе жинақтадым. Біраз нәрсе үйрендім. Бұл адамды шабыттандыратын ерекше өнер деуге болады. 

Қарағандылық дизайнердің еңбегі бірсыпыра республикалық байқауларда топ жарып, әшекейлері көрмелер мен арт-жәрмеңкелерде қойылды. Топтамасы халықаралық дәрежеде танымал. Тіпті Милан сән апталығында көрсетілген. Бүкіл әлем көз тіккен апталықта дизайнер ерекше тәсілді таңдаған. Ол кәсіби модельдердің орнына подиумға өзінің әшекейлерін таққан әртүрлі жастағы және түрлі мамандық иелерінің қыз-келіншектерін шығарды. 

Мария Берёзина, қала тұрғыны:

- Миландағы сән апталығында модель болдым. Керемет әсер алып қайттық. Ольга елді, қаланы төрткүл дүниеге танытты. Өзім де оның әшекейлерін алып тағамын. 

Алдағы уақытта Ольга әшекейлер желісін кеңейтіп, шығармашылығын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға күш салмақ.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков