«Ахмет Жұбанов: Дәуір үні» көрмесі ашылды

Биыл көрнекті композитор, дирижер, музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбановтың туғанына - 120 жыл.

Осыған орай Алматыдағы Ұлттық орталық музейде көрме ашылды. Келушілер ол жерден сирек кездесетін фотосуреттерді, архивтік құжаттар, қолжазбалар, ғылыми еңбектер мен композитордың жеке заттарын көре алады. Ахмет Жұбанов - қазақ кәсіби музыкасының қалыптасуына зор үлес қосқан көрнекті қайраткер. Ол қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастырып, ұлттық музыканы ғылыми тұрғыда зерттеді. Бірқатар іргелі еңбек жазды. Сонымен қатар қазақ опера өнерінің дамуына айрықша ықпал етті. Оның шығармалары мен ғылыми зерттеулері бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. 2006 жылы 100 жылдық мерейтойы кезінде өзі тұрған пәтерде мемориалдық музейі ашылды.

Арысгүл Бүйіш, Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалды мұражайының жетекшісі:

- Бірегей жәдігерлердің біреуі Ахмет Жұбановтың Құрманғазы оркестрінде жұмыс істеген кезде киген дирижерлік фрагы, сол кезде пайдаланған дирижерлік таяқшасы. Сондай-ақ 1950 жылғы неміс баспа  машинкасы. Ол машинканың ерекшелігі онда Ахмет Жұбанов сол кезеңде машинкаға қазақ әріптерін енгізіп қойған. Яғни сол кезеңнің өзінде Ахмет Жұбанов ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрстеіп кеткен десек болады.