Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне 90 жыл толды

Осыдан дәл 90 жыл бұрын Мәскеуде тұңғыш рет қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті.

1936 жылы Кремлде руханият өкілдері ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қазақ мәдениетінің мол мұрасын үлкен сахнаға алып шықты. Сол кезде қазақ өнері төрге озып қана қойған жоқ, даланың үнін жалпақ жұртқа, билікке естіртті.

1936 жыл. Мамыражай мамыр. Мәскеуде қазақ мәдениетінің онкүндігі өтіп жатты. Сол күндері Ресей сахналарында қазақтың төл театрлары таңдамалы туындыларын қойды, күміс көмейден әндер қалықтады, домбыраның шанағынан күмбірлеп күй төгілді. 

Сәби Аңсатов, қоғам қайраткері:

- Он күндікті Мәскеу жұртшылығы тамашалап, операны көріп, басқа спектаклдерді көріп, оркестрымызды көріп, қазақ деген артта қалған ұлттың мәденитінің барына Москва жұрты таңырқасады. Сол Сталин сол кезде политбюро мүшелерімен Қыз Жібек операсын көруге келеді. Сонда Сталиннің өзі риза болып, 24 жастағы Күләш Байсейітова СССР халық әртісі атағын алады.

Ең алдымен Ғабит Мүсірепов жазған "Қыз жібек" музыкалық қойылымы мәскеу халқының назарына ұсынылды. Бұл саз бен сезім астасқан тағылымды туынды еді. Әр әуен даланың дүбірі болып естілді. Одан кейін Бейімбет Майлиннің "Жалбыр" драмасы  сахналанды. Қойылымда халықтың мұңы мен қайраты, заманның зары мен елдің рухы қатар көрініс тапты. Ал ән кезегі келгенде, сахнаға қазақтың бұлбұл қыздары шықты. Күләш Байсейітованың күміс көмейінен төгілген ән көктемгі бұлақтай сыңғыр қақты. Жамал Омарованың қоңыр дауысы сайын даланың самалындай есті. Тұтас Мәскеу сол күні қазақ әнінің жай әуен емес, халықтың жүрек лүпілі екенін сезді. Шара Жиенқұлова сахнаға шыққанда, би дегенің жай қимыл емес, тұтас тарихтың тіліне айналды.

Сахна көрерменге түгел қазақ даласы көшіп келгендей әсер сыйлады.

Сәби Аңсатов, қоғам қайраткері:

- 10 күндігін Мәскеуде Қазақтың ұлттық нақышта киіз үйдің пішінімен тігеді сахынаны. Одан кейін киіз үйдің үшін  салт дәстүріне қажетті бүкіл бұйымдарының бәрін қояды. Ол бұйымдарды қойғанда жансыз жәдігер емес, оның жанағы қазақтың салтына, дәстүріне , ең негізгі рухани азық есебінде сондай көрініс табады.

 Жамбылдың жыры жебе, Нұрпейістің толғауы теңіз, Орынбайдың ойы от болып өрілді. Бұлар айтысқа шыққанда, екі ақын ғана сөз қағыстырмайтын, тұтас бір халықтың рухы сөйледі. Сондай-ақ С. Сейфуллин, I. Жансүгіров, М. Әуезов сынды сөз зергерлерінің шығармалары орыс тіліне аударылып, басылым беттерінде жарияланды. Осы  істердің басында Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргеновтер тұрды. Темірбек Жүргенов ол кезде Қазақстанның Халық ағарту комиссары болатын.

Әмірбек Шаймағамбетов, Т. Жүргенов қорының төрағасы:

- 1936 жылы қазақ өнері мен мәдениетінің Мәскеуде, КСРО астанасында өткен онкүндіктің биыл 90 жылдығы, сол тоқсан жылдықтың қарсаңында. Қазақ өнерінің жарқын сәттері деген телесериал мемлекет тарапынан түсіріліп жатса, көмек болса осы мәселені ұсыныс ретінде айтқымыз келеді. 

Мәскеудегі талғампаз көрерменмен бірге КСРО билігі де осы кезде қазақ деген жұрттың үнін естіп, өнерін ғана тамашалаған жоқ, ұлттық мәнерін, елдігін мойындағандай еді. Бұл жайлы белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы "Қазақ әдебиеті" газетінде жазған мақаласында былай дейді.

ЦИТАТА

- 1936 жылғы онкүндік қазақ мәдениетін, қазақ елін, қазақ халқын әлемге танытудың алғашқы бастамасы еді... Сондықтан да оның тарихтағы рөлі өте зор. Екіншіден, онкүндіктің жоғары деңгейде өтуі орталықтың қазақ мәдениетін дамытуға арнайы үлкен қаржы бөлуіне себеп болды. Әртістердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін Алматыда «Әртістер үйін» салуға 1 млн сом, опера театрын салуға бұрын бөлінген ақшаға қосымша 2 млн сом, хореография мектебіне 1,5 млн сом қаражат беріледі.

Тұрсынбек Кәкішев, әдебиетші, ғалым:

- Бұл онкүндік қазақ үшін жай мәдени жиын емес, өз үнін, елдігін көрсеткен серпіліс іспетті еді. Көп өтпей, сол жылы Қазақ автономия деген атаудан арылды, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы атанды.

Сәби Аңсатов, қоғам қайраткері:

- 1936 жылы желтоқсан айында Қазақстан ол кезде Ресейдің құрамындағы автономия, автономиялық статустан Ресейлік құрамнан шығарып, КСРО-ның құрамына Қазақ Советтік Социалистік республикасы деп 5 желтоқсанда жазылды. Сөйтіп, солай Ресейдің құрамынан шығарылып, жеке дербес мемлекет болғандымыздың арқасында 1991 жылы КСРО құлағанда, ыдырағанда біздің тәуелсіздігімізді жариялауға мүмкіндігіміз болды.

Қош, Жамбылдың жыры жаңғырықтырып, Күләштің үні қалықтаған, Шараның биі тербеткен сахна киесіз емес-ті. Қазақ үшін тәуелсіздіктің бір бүршігі сол кезде көктегендей еді. Сол мезгілде, яки бұдан дәл 90 жыл бұрын Мәскеу сахнасында қазақ даласы ән, жыр, күй болып сөйледі.

Шернияз Жалғасбекұлы, Нұрлан Жақыпбек, Нұржан Мұзарапшин