Астанада «Бала шақтан – болашаққа» повесінің таныстырылымы өтті
Бүгін Астанада жазушы Сәуле Досжанның «Бала шақтан – болашаққа» ғұмырнамалық-танымдық повесінің таныстырылымы өтті.
Туындыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмір жолы, ата-анасының тағдыры мен балалық шағы жайлы жазылған. Еңбекті жарыққа шығарудағы басты мақсат – отбасы интитутын насихаттау. Әрбір әулет – мемлекеттің бір бөлшегі десек, әр шаңырақтың діңгегі берік, ұрпақ тәрбиесі өнегелі болса, ондай мемлекет мызғымайды. Сонымен қатар бүгінгідей түрлі гаджеттер өмірімізге етене енген тұста бұл кітап балаға бағдар беруде таптырмас құрал болмақ. 15 мың дана болып шыққан повесь еліміздегі барлық кітапханаларға түсті.
Сәуле Досжан, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Осының ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының атасы Тоқадан бастап, әкесі Кемел, анасы Тұрар, содан кейін барып өзінің өміріндегі отбасылық тәрбиесі бар. Президентіміз қазір білесіздер, кітап оқы деп, кітап жылы, балалар жылы деп жатыр, кітапханашылар күні болып жатыр. Соның барлығы кітап оқыған баланың ойы ұшқыр болады, ойы ұшқыр бала үлкен биіктерге жетеді. Сондықтан балалар кітап оқысын деп жазылған дүние.