Әйгілі суретші Леонардо да Винчидің шығармашылық мұрасы Астанада
Халықаралық мұражайлар күнінде Бейбітшілік және келісім сарайында қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ойшылы Леонардо да Винчидің өмірі мен ғылыми ізденістеріне арналған Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance халықаралық көрмесі ашылды.
Рим және Флоренция музейлерінен атақты Винчи кодекстеріндегі сызбалары мен жазбалары негізінде жасалған 40-тан астам толық көлемді механизм үлгілері жеткізілді.
Леонардо да Винчидің туындылары
Бас шаһар бүгін әдеттегіден өзгеше күйде. Астана төріне Рим мен Флоренция музейлерінен әйгілі Леонардо да Винчидің туындылары әкелінді. Көрмеге Винчи кодекстеріндегі сызба мен жазбалар негізінде жасалған 40-тан астам көлемді үлгілері қойылды. Экспонаттар қатарында ұшу аппараттары, инженерлік құрылымдар, әскери машиналар мен қазіргі заманға тән құрылғылар бар. Бұл өнертабыстар кейіннен заманауи технологиялардың бастауына айналған еді. Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экспозицияның Халықаралық мұражайлар күнінде өткізілуінің айрықша мәні бар екенін атап өтті. Бұл күн әлемдік мәдени мұраны сақтау, ғылым мен өнерді дамыту және мәдениетаралық диалогты нығайту идеялары төңірегінде жұртшылықты біріктіреді. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 286 музей жұмыс істеп тұр. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Мұражайларға жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді. Сонымен қатар Аида Балаева мұндай халықаралық деңгейдегі көрмелер Қазақстандағы мәдени туризмнің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Осындай жобалар азаматтардың әлемдік өнер мен ғылым тарихындағы ұлы мұралармен өз елімізде танысуға жол ашады. «Сонымен қатар еліміздің халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін арттырып, жаңа әріптестік жобаларға негіз қалайды», - деді. Ал мәртебелі мейман көрменің комиссары Ольга Риго Көрме ерекше көрменің Астана тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды мәдени оқиға болатынына сенім білдірді.
Ольга Риго, көрме комиссары:
- Бүгінде Астана ірі мәдени және мультимедиялық жобалар өтетін маңызды халықаралық алаңға айналып келеді. Бұл – даму, технология және алға ұмтылыспен ассоциацияланатын заманауи қала. Сондықтан дәл осы жерде өз заманынан бірнеше ғасыр озық тұрған Леонардо да Винчи туралы айту ерекше символдық мәнге ие. Көрме Астана тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды мәдени оқиға болатынына сенімдімін.
Шебердің ерекше туындылары шамамен 3 мың шаршы метр аумаққа орналастырылған. Көрме кеңістігі ауа, су, жер және от тақырыптарына бағытталған бірнеше аймаққа бөлінген. Мұндай құрылым Леонардо да Винчидің табиғат күштерін, қозғалысты, адам денесінің құрылымын және механика қағидаттарын қалай зерттегенін, өз бақылауларын инженерлік шешімдер мен өнертабыстарға қалай айналдырғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Көрменің жеке бөлімі суретшінің ең танымал туындыларының репродукцияларына арналған. Ал экспозиция мультимедиялық форматта безендірілген. LED-туннельдер, цифрлық проекциялар мен голографиялық инсталляциялар Леонардо да Винчидің идеяларын көрнекі түрде таныстырып, оның өнертабыстары қалай жұмыс істеуі мүмкін екенін әсерлі форматта көрсетеді.
Августо Биаджо Римдегі, Леонардо да Винчи мұражайының директоры:
- Астанада Леонардо да Винчидің мұрасына арналған көрмені ұсыну мен үшін үлкен мәртебе. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев айтқандай мәдениет – адам мен халық дамуының кілті. Мәселен, өз басым көптеген жыл бойы Леонардо да Винчидің өмірін, оның қолжазбаларын, өнертабыстары мен инженерлік идеяларын зерттеуге арнадым. Леонардо – өз дәуірінен бірнеше ғасыр бұрынғы дүниелерді сызбаға түсірген ойшыл. Осындай тұлғаның жәдігерлерін қазақ жұртына таныстыру мен үшін үлкен қуаныш.
Айта кетейік, көрмені Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылды. Ал ұйымдастырған – «Астана Концерт». Көрмені 19 мамырдан 30 қыркүйекке дейін аралықта емен жарқынтамашалай аласыз.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Досбол Байділдин