«Алжир» музейінің қорына миграциялық карта тапсырылды

«Алжир» музейінің қорына миграциялық карта тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда қуғын-сүргін көрген әйелдердің жүріп өткен жолы бедерленген. Бұл бағыттарды репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері әзірледі. Тың тарту ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен жас тарихшылардың кездесуінде табысталды. Еркін форматта өткен жиында ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар ойларын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Ал кездесу орны ретінде бұрынғы лагерьдің таңдалуы тегін емес. Бүгінде мұнда тарихтан сыр шертер 18 мыңнан аса жәдігер бар.

Аида Балаева, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Еліміздің тарихын бізден гөрі шетелдіктер зерттеп келе жатыр. Сондықтан өздеріңіз осы тақырыпқа зейін қойып, осы тақырыпты зерттеп,  осы тақырып бойынша халықаралық деңгейде басқа әріптестеріңізбен қарым-қатынас жасап, оның барлығы ертең осы тарихи ақиқатты өскелең ұрпаққа паш етуге үлкен септігін дүние.

Халил Маслов, ЕҰУ ҚХА кафедрасының доценті:

– «Алжир» лагеріне алып келген тұтқын әйелдердің миграциялық картасы көрсетілген. Бұл картада сандық көрсеткіштер көрсетілмеген, өйткені қазіргі уақытта комиссия мүшелері архив мұрағаттарын зерттеумен айналысып жатыр. Жабық қорларды ашқаннан кейін өзідерінің саяси сандық көрсеткішке нақты тоқталатын болады.