Шымкентте заманауи үлгіде жабдықталған кітапханалар ашылып жатыр

Шымкентте кітапханаларды модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқу залын заманауи үлгіде жабдықтап, жылпыға ыңғайлы орта қалыптастыру мақсатында тағы 3 кітапхана пайдалануға берілді. Президенттің рухани құндылыққа басымдық беру пәрмені мен ел астанасының құрметіне орай ашылған білім ордасы өз оқырмандарын қуантып отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Кезінде түрлі мекеменің жұмыс орны уақыт өте келе кітапханаға бейімделді. Кітап қоры толықтырылды. Өз оқырмандарына аядай ғана ғимаратта білім нәрін септі. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қайта жаңғырды. Ыңғайлы орта қалыптастырып, түрлі үйірмелер ашылды.

Кристина Бекмурзаева, жоба авторы:

- Ештеңе бір орнында тұрып қалмайды. Кітапханалар да белсенді дамып, өзгеруде. Жұмыс тәсілдері де жақсы жаққа қарай бет алуда. Шымкент қаласы да көптеген жаңа, креативті идеяларға үн қатып, осы бағыттағы жұмыстарымызды қолдап отырғаны қуантады бізді.

Қолайлы ортаның құрылғанына ең әуелі жастар жағы қуанды. Себебі мұнда шахмат үстелінде зейінін ашып, зерек ұл болып қалыптаса алады. Ата жолын жаңғыртып, ұлттық ойын тоғыз құмалақты меңгереді. Асық атып, доп теуіп, бос уақытын тиімді үйлестіре алады.

Асқар Талғат, үйірмеге қатысушы:

- Осы жазғы каникулымды осы жақта өткіземін деп ойлаймын. Осы жақта қызық үйірмелер бар. Мені тартып тұрған ол кітаптар мен іші күшті.

Биыл 10 кітапханаға осындай модернизация жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Алғашқы жартыжылдықта 6 кітапхана өз жұмысын бастады. Алдағы күз айларында тағы 4 кітапхана ел игілігіне берілмек.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Бұл кітапханалар жаңа форматта жұмыс жасайды. Тек кітапхана болып қалмайды. Бұл қоғамдық орын, қоғамдық орталыққа айналып отыр. Екі форматта кітапханалар желісін жаңғыртып жатырмыз. Бірі Абай қоғамдық орталықтары. Екіншісі балаларға арналған кітапханаларымызды отбасылық кітапханасы форматында жасап жатырмыз.

Жасы үлкен қартқа да, бала бағып үйде отырған анаға да ыңғайлы етіп жабдықталған нысан көпшілікке есігін айқара ашты. Енді кітап оқуға ынтық жан, баласын ойын үйірмелеріне беріп, алаңсыз әдебиет әлеміне ене алады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов