«Хабар» арнасынан «Шайқалған шаңырақ» түрік сериалы көрерменге жол тартады

Бүгін «Хабар» арнасында сағат 21:30-да жаңа туындының тұсаукесері! Түрік елінде көрермен көзайымына айналған телехикая екі жыл қатарынан рейтингте көш бастап келеді. «Шайқалған шаңырақ» сериалына шынайы өмірден алынған оқиғалар негіз болған. 

Меруерт Қанағат, тілші:

- Мүлде басқа телехикаяларға ұқсамайтын туындының түсірілімі Ыстамбұлдың қақ ортасындағы Таксим алаңында орналасқан.  Көрерменге жол тартатын хикаяны, түріктің белгілі психиатр-дәрігері Гүлсерен Будайджығұлының «Медальонның іші» атты романынан алған. Телехикаядағы басты кейіпкердің бірі Инжи жол апатынан кейін өмірі түбегейлі өзгереді. Оны Хан мен оның құпияға толы отбасы күтіп тұр. Ханның қос әпкесі Сафия мен Гүлбенде бауырларынан айырылып қаламыз деген үрейі басым. Хан мен Инжидің іңкәр сезімі бұл қиындықтардан өтуіне жете ме? Бірге тамашалайық! 

«Шайқалған шаңырақта» бауырмалдық, сүйіспеншілік пен махаббаттан бөлек отбасылық зорлық-зомбылық пен қысым көрсету жайында баяндалады. Әсіресе жәбір көрген жандарда туындайтын обсессивті-компульсивті бұзылыс пен агорафобия секілді ауруларды жасырмау маңызды екенін көрерменге жеткізу мақсат етілген. Телехикаяның басы роліндегі актриса Эзги Мола, туынды шыққан күннен бастап оған осы дертке шалдыққан адамдардан көптеген хат келіп түскенін айтады.

Эзги Мола, актриса:

-  Шынайы өмірден алынған телехикаяда көптеген адамның жан сезімі көрсетіледі. Өмірде осындай жағдайларға түскендер «Мен жалғыз емес екенмін. Менен де өткен ауыр жағдайда жүргендер бар екен» деп ойланып, «мұны қалай шешуге болады» деген сұрақпен дертіне дауа табуға тырысады. Қолын жуа бергеннен жара болып кеткен - тазалық ауруына шалдыққандар, бірнеше жылдан бері сыртқа шықпай жүрген адамдар хабарласты. Қазақстанда да осындай жандар болса, біздің бұл телетуындымыз оларға шипа болады деп үміттенемін.

Телехикая Түркиядағы рейтингтік көрсеткіште көшбасшылықты бермей келеді. Телетуынды ұжымының айтуынша, бұған ерекше оқиғалар желісі мен адамдардың айта бермейтін ішкі сырларының көгілдір экранға жол тартуы себеп.

Мерве Диздардың айтуынша, телехикая қазақстандық көрермендердің де көңілінен шығады. Өйткені тұрмысымыз бір түркі жұртымыз.

Мерве Диздар, актриса:

- Қазақ халқының көңілінен шығады деген ойдамын. Бұл жерде рейтинг маңызды емес. Бастысы, біз ішкі дүниемізді көрерменге жеткізе аламыз ба? Сол үшін Түркияның ең мықты мамандарымен бірге күні-түні жұмыс жасап жатырмыз. Сериалдың мазмұны зор, кейіпкерлерді сомдаушылар еліміздің бірінші дәрежелі әртістері. Бірге жылап, бірге күлеміз. Қазақ халқына дұғай-дұғай сәлемімді жолдаймын.

Биркан Сокуллу, актер:

- «Шайқалған шаңырақ» телехикаясында балалық шағы қиын өткен отбасы жайлы баяндаймыз. Жалпы өмірдегі барлық қиындық пен тосқауылдар балалық шақтан басталатынына дүйім жұрттың назарын аударғымыз келеді. Мен сомдайтын кейіпкер Хан, әкесі мен бауырларына қамқоршы, бір отбасының жалғыз ұлы. Сырт көзге мықты көрінгенімен, оның да жаны жараланған. Телехикаяның әр бөлімінде Ханның түрлі қыры ашыла бермек.

«Шайқалған шаңырақ» телехикаясының бірінші маусымы 37 бөлімнен тұрады.

Түсірілім тобының айтуынша, әр бөлім бірінен бірі өткен әсерлі болады.