«Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясы бүгін «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартады

Қоғамдағы зорлық-зомбылық, бала саудалап байымақ болған қылмыскерлер мен ана бақытын сатып алмақ болған жандардың әрекеті.

Бұл «Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясына өзек болған тақырып. Бірінші бөлімін бүгін сағат 22:45-те «Хабар» арнасынан көре аласыздар.

Сериалдың сюжеті тағдыр тәлкегіне түскен Рая есімді кейіпкердің оқиғасы негізінде өрбиді. Көп жыл бұрын сатылып кеткен баласын іздеген анаға құзырлы органдар да тиісті көмек көрсете алмайды. Ашынған ана бауыр еті баласы үшін қылмыспен пара-пар әрекетке баруға бел буады.

Әйгерім Қалмұратова, телехикаяның продюсері:

- Халыққа берері бар. Басында түсінбеуі мүмкін. Неге деген сияқты, неге мұндайды халыққа көрсетіп жатыр деген сияқты. Сынға да қалуымыз да мүмкін. Не себепті біздің басты кейіпкер Рая мұндай жағдайларға барғанын кейінгі бөлімдерден түсіне бастайды.

«Жаңбырлы ғұмыр» Әйгерім Қалмұратованың продюсер ретіндегі екінші жұмысы. Драма жанрындағы тың туынды шынайы оқиға ізімен түсірілген. Ащы шындықты көрсетіп, қылмыстың салдарын жеткізгіміз келді, дейді ол. Ауыр тақырыпты алып шығу актерлерге де оңай болмапты.

Индира Құлмағанбетова, актриса:

- Бұл менің жобаларымның ішіндегі ең алғашқы жағымсыз кейіпкер деп айтсам да болады. Мен өмірде өзім балаларға айғайлап немесе қол көтеріп көрген адам емеспін. Бұл сериалда ең қиыны қатты әсер еткені ол балалармен жұмыс болды. Өйткені керек кезде айқайлау керек боласың. Олар да түсінбей қалады, жылап қалады деген сияқты.

«Хабар» Агенттігінің» тапсырысымен түсірілген телесериалға сазгер Ұлықпан Жолдасов ерекше саундтрек жазған. Түсірілім алаңында кәсіби актерлерден бөлек өрт сөндірушілер, медбикелер, тәртіп сақшылары да жұмылдырылды. Тіпті «Бүркіт» жасағы да шақырылған.

Қымбат Хангелдина, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:

- Негізінен «Хабар» Агенттігі әрдайым халықтың көкейінде жүрген күрделі мәселелерді айтып, өзекті тақырыптарды қаузайды. Жыл сайын «Хабар» арнасы әртүрлі әлеуметтік тақырыптарда телехикая түсіреді. Жалпы агенттік қорында 2700 сериялы 130-дан аса телехикая бар.

Басты рольдерде Индира Құлмағанбетовадан өзге Азамат Шарғынов, Асылбек Боранбай, Ерболат Әлқожаев, Жандос Сейдалин ойнайды. 15 бөлімнен тұратын жаңа туындыны көрермен бүгін 22:45-те «Хабар» телеарнасынан тамашалай алады.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев