Қазақстандықтар Токио төрінде Наурыз мерекесін тойлады

Қазақстандықтар Токио төрінде Наурыз мерекесін тойлады
Tengrinews.kz.

Жапониядағы қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күніне орай бас қосып, Токио төрінде бір-бірін құттықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жапониядағы қазақ қауымдастығының өкілі Әбдібек бұл елде қазақ қауымдастығы құрылғанына бір жылдан асып кеткенін, алайда пандемияға байланысты жиналыс болмағанын атап өтті.

«Биыл Ұлыстың ұлы күніне байланысты тікелей атсалысып, Жапониядағы қазақтардың басын қосайын деген оймен Токиода қазақстандықтарды жинадық. 40 шақты азамат болды. Моңғолия, Қытай қазақтары да болды. Пандемияға қарамастан бәрі келді. Домбыра шертілді, күй ойналды. Қазақтың көк байрағы Токиода аспанында көтерілді. Орта Азиядағы бауырлас мемлекеттер, оның ішінде қырғыздар, өзбектер келді. Сөйтіп кішігірім той болды. 30-ға жуық жас келді. Жалпы жан-жақтан –дей адам жиналды. Оның ішінде 95 проценті қазақтар болды. Бәріміз бас қосып, Ұлыстың ұлы күні Наурызды тойладық» – деді ол.

Наурыз мерекесіне орай өткізілген іс-шараға Жапонияда жұмыс істейтін азаматтар, студенттер де қатысқан. 

Қауымдастық өкілінің айтуынша, пандемияға қарамастан, ойлағаннан да көп адам жиналған. Басты мақсат Жапониядағы қазақ қауымдастығы атынан қазақтарды бір жерге жинап, Наурыз мерекесін тойлау болды. Айта кету керек, қандастарымыз Токиода алғаш рет Наурыз мерекесін тойлаған.