«Хан Шатырды» жобалаған сәулетші креативті саланың танымал тұлғасы

«Хан Шатырды» жобалаған сәулетші креативті саланың танымал тұлғасы

- Ұлыбританияда креативті индустриядан түсетін пайда көлемі туралы айтсаңыз? Халқының неше проценті осы индустрияда жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Тарихқа үңілсек, "Креативті индустрия" ұғымының тұжырымдамасын алғаш рет тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында Ұлыбританияның Мәдениет, медиа және спорт департаменті дайындаған екен. Ол экономиканың шикізат салаларына балама сектор болады деген оймен жасалған. Және бұл сала шынымен де қыруар пайда түсіріп келеді. Креативті индустрия ел экономикасына 2018 жылы шамамен 111,7 млрд стерлинг фунтын, яғни күніне 306 млн фунт әкелген. Бұл сала жыл сайын 1,7 млн адамды жұмыспен қамтиды және жыл сайын бұл цифрлар артуда.

- Мемлекет немесе жеке инвесторлар тарапынан креативті индустрияға қолдау бар ма?

- Үкімет деңгейінде жүзеге асырылатын және мемлекет есебінен қаржыландырылатын түрлі бағдарламалар бар. Мәселен, үй-жайларды жеңілдетілген шарттармен беру, гранттар арқылы қолдау тәжірибесі кең таралған. Бизнес-періштелер институты жақсы дамыған, яғни жеке инвесторлар да бұл салаға қомақты қаражат құяды. Пандемия кезінде 2020 жылы өнер, мәдениет және мұра салалары үкіметтен гранттар мен несиелер түрінде 157 миллиард стерлинг фунты көлемінде қолдау пакетін алды.  

Ұлыбританияда креативті индустрия қандай бағытта өрбіп жатыр?

Ұлыбритания креативті индустрияның әлемдегі ірі орталығы саналады. Музыка, жарнама, дизайн, сәулет өнері, ТВ және кино салалары өте жақсы дамыған. Адель, Эд Ширан сынды әншілер, Норман Фостер, Ричард Роджерс сияқты сәулетшілер креативті индустрияның танымал өкілдері. Бұдан бөлек Ұлыбританияда компьютерлік ойындар нарығы қатты дамып кеткен. 2020 жылы компьютерлік ойындар өндіруден түскен жалпы кіріс 2,6 миллиард стерлинг фунтын құраған. 2025 жылға қарай әлемдік деңгейде компьютерлік ойындар индустриясы 200 миллиард стерлинг фунтына жетеді деген болжам бар. Мұны түсінген инвесторлар осы салаға қаражат құюды құп көріп отыр.