Қызылорда облысы аумағындағы Алтынасар ескерткіші қорғалады

Жетіасар мәдениетіне жататын Алтынасар қалашығы елеміздегі жалпыұлттық тарихи маңызды ескерткіштердің бірі. ЮНЕСКО-ның мәдение мұралары бойынша алдын ала тізіміне алынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үлкен үй, кіші үй, керуенсарай және қамал. Алтынасар қаласы біренеше қабаттан тұрған. Биіктігі 30 метрге жуықтаған деп болжайды ғалымдар. Оған негіз де жоқ емес.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Археологиялық зерттеулер бойынша Алтынасар қалашығының мың жарым жылдық тарихы бар. 17 гектар аумақты алып жатыр. Қазірдің өзінде 4 нысанның орны сақталып қалған. Соның бірі осы шеңбер тәріздес қамал.

Үлкен үй, кіші үй, керуенсарай және қамал. Алтынасар қаласы біренеше қабаттан тұрған. Биіктігі 30 метрге жуықтаған деп болжайды ғалымдар. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен мына кіші үйдің құмға шөгіп кеткендегі биіктігі қазірдің өзінде 20 метрден асады.

Бауыржан Әлібай, облыстық Рухани жаңғыру орталығының маманы:

- Жетіасар ескерткіштері бұл әлемдік деңгейдегі ескерткіш. Мысалыға, Ботай мәдениетінде жылқы малын қолға үйреткендігі туралы бүкіл әлем мойындап отыр. Сол секілді біз Жетіасар ескерткіштерімен де мақтана аламыз.  Жетіасар мәдениетінен табылған көне қоссаз аспабы кеңінен айтылып жүр. Домбыраның ең ататегі деп айтылып жүр ғой. Сол домбыра осы мәдениеттен табылған.

4-5 ғасырларда бұл жермен өзен ағып өткен, Алтынасарда мыңдаған тұрғын болған, олар егіншілікпен айналысқан. Құм астында талай тарихи құнды деректер жасырынып жатыр. Оны жоғалтып алмау үшін соңғы үш жыл қатарынан Алтынасар ескерткіштерін қорғау шаралары қолға алынған.

Жетесби Сұлтанжанов, Археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері:

- Қазіргі уақытта ескерткіштердің, қамалдардың көбіне қорған қабырғалары астынан және төменгі жағынан үгітіліп, құлап қалып жатыр. Бұл құлап қалғаннан кейін, біздің жергілікті жердегі ауа райына байланысты 1-2 жылда тез езіліп кетеді. Осы мақсатта алдын алу үшін қорған қабырғаларының жандарына жаңадан қабырға өріліп, олардың құлаған жерлері бітеліп, сақтау шаралары жүргізіліп жатыр.

Сырдың бойында Жетіасар мәдениетіне жататын 60-қа жуық ескерткіш бар екен. Олардың кейбірі уақыт өткен сайын жауын-шашын салдарынан бұзылып барады,-дейді археологтар. Сондықтан арнайы жоспар құрылып, кезең-кезеңімен қалпына келтіру және сақтау шаралары қолға алынған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов