Елордада «Күй жәрмеңкесі» өтті

Төл өнерді төрге шығарған домбыра додасы осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылдағы дәстүрге сай биыл да шараның шымылдығын белді күйшілер ашып берді. Кейіннен қала тұрғындары бір-бірімен шеберлік сынасты.

Төлеген Қуанышев, республикалық «Күй анасы» қорының жетекшісі:

– Басты мақсаттарымыздың бірі – осы ұлтымыздың төл аспабын жастарға, кәдімгідей бойына үйіртіп, домбыра ойнауға баулу. Жәрменкенің бір ерекшелігі бар – ешкім тіркелмейді. Ортаға шығып, өзінің өнерін көрсетіп, жеңемін деген адамдар алға озып шығады.

Сайысқа белді музыканттар төрелік етті. Қатысуға ниет білдіргендерге еш шектеу жоқ. Тіпті арасында домбыраны қолына енді ұстаған жеткіншектер де бар.

Аян Мұзатов, сайысқа қатысушы:

– Осы шараға Конституцияға арналған Құрманғазының «Адай» күйін орындаймын. Өзіміздің ұлттық аспапты дәріптеп, осы жерге келіп жатырмын.

Ел ішіндегі таланттарды төрге шығарған доданың қортындысы бойынша үздік шыққан өнерпаздарға үкілі домбыра мен күй жинақтары табысталды.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов