Нұр-Сұлтанда филармония өнерпаздары мерекелік концерт берді

1995 жылдың 30 тамызы – еліміздің жылнамасындағы тарихи күн. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның ең жоғары құндылықтары, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары белгіленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай елордалық филармония өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік концерт қойып, құттықтады.

Светлана Айтбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Халық ән тыңдау арқылы, жақсы жырлар оқу арқылы, керемет күйлерге көңіл бұра отырып тәрбиеленеді. Осыны білетін біздің аталарымыз қай кезде де әннен күйден құр алақан болмаған, қашпаған, сауық-сайранның ортасында жүрген халық қой. Сондықтан бүгінгі күндері біздің әрбір концертімізде лық толы көрермен. Оның барлығы өнерге деген үлкен құрметтің көзқарасының нәтижесінде болып жатыр деп ойлаймыз.

Жалпы Еркеғали Рахмедиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда 11 ұжым бар. Оның ішінде қазақ оркестрі, симфониялық және үрлемелі оркестрлер, камералық хор, «Шалқыма» би ансамблі, дәстүрлі, эстрадалық және классикалық әншілер, квартеттер, триолар мен вокалдық топтар бар.

Ерлан Дәкенов, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның директоры:

- Әр ұжым өзінің маусымашарын жасайтын болады. Оның ішінде бірінші болып 2 қыркүйекте біздің Сарыарқа фольклорлық ансамблі өзінің маусымын ашады. Одан кейін 9 қыркүйекте симфониялық оркестр өз маусымашарын жасайды. Одан кейін «Қорқыт» этно-ансамблі. 

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаевамен бірге Азамат Жылтыркөзов, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Нұрбол Балапанов пен Алтынбек Әбілда, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров