Ұлытау облысында Ж.Сейілов әндерінің байқауы өтті

Жақсыкелді Сейіловтың аты Ұлытау өңіріне ғана емес, түгел қазаққа жақсы танымал. Ол 80-ші жылдары ел арасына кеңінен тарған талай әннің музыкасын жазған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның ішінде «Әке туралы ой», «Неге солай» әндерін білмейтіндер кемде кем. Қазақтың жезкиігі атанған композитордың әндерін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.

Әшімхан Жампейісов, Ж.Сейілов мұрасын зерттеуші:

- Байқағанымыздай әншілердің саны да сапасы да едәуір өскен. Қалалық, облыстықтан өзге Республикалық  жеңімпаздар қатысып отыр. Жалпы бұл байқаулардың негізгі мақсаты Жәкеңнің өлмес мұрасын кеңінен насихаттау.

Конкурстың шарты бойынша әншілер бірінші кезеңде өздері қалаған әнді, ал екінші кезеңде автордың әнін орындауы тиіс болған. Әділ қазы алқалар таңдауы осыған дейін де бірқатар республикалық байқауларда топ жарған жас әнші, атыраулық Ерназар Жұбанға түсті.

Ерназар  Жұбан, жоба жеңімпазы:

-Толықып тұрмын қатты, негізінде қатысшуылардың барлығы мықты, жеңемін деп ойлаған жоқпын. Өте қатты ұнады, көңілімнен шықты, рұқсат берсе осы әндерді өз репертуарыма қосқым келеді.

Жақсыкелді Сейілов жастайынан көз жанарынан айырылса да, әнге деген талғамы жоғары еді. Соның арқасында ол 50-ге жуық әннің музыкасын жазған.  Ұйымдастырушылар алдағы уақытта танымал таланттың атына Жезқазған қаласынан бір көше беру мәселесін көтермек.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар