Таразда қолөнер шеберлерінің этнофестивалі өтті

Бұл іс-шара «Анаға тағзым» орталығының бір жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ақ отау» деп аталған көрмеге 50-ге жуық Тараз қаласы мен өңірдің шеберлерінің туындылары қойылған. Оның ішінде киіз үй мен оның жасауы бар. Сандық жасап, көрпе тігетін, қамшы өріп, домбыра жасайтын шеберлердің қолынан шыққан дүниелер де көпшіліктің назарын аударды. Киіз, текемет, алашаның да неше атасы тұр. Бүркіт ұстап, тазы ерткен құсбегілер де этнофестивальдің шырайын ашты. 

Туғанай Жолақова, қолөнер шебері:

– Келешектегі жастарға үйретіп тастап кету үшін осындай үлкен көрмелер өткізсек, оның деңгейі жоғары болады. Осыған көптеген гранттар бөлінсе екен деймін. Қазақ өнері, қолөнер ұмыт болса, біздің кім екеніміз ұмыт болады. Сондықтан осыны жаңғыртуымыз керек.

Эльмира Мырзағали, «Анаға тағзым» орталығының директоры:

– Біздің орталығымызға білесіздер, көп балалы аналар, әйелдер қыздар келеді. Жаз бойы біздің ата дәстүрімізді бүгінгі заманмен қиыстыра отырып, осы шеберлер керемет шеберлік сыныптарын өткізген болатын. 6 жасар баладан 90-ға дейінгі әжелеріміз осы жерге келіп, әлеуметтік дағдыларын дамытып, рухани тұрғыдан да дамып жатыр.