Жат діни ағымның жетегінен опық жеген келіншек туралы фильмнің тұсауы кесілді

Алматыда «Пәруана» қысқаметражды фильмінің тұсаукесері өтті.

Картина жат ағымның жетегінде кетіп опық жеген келіншектің өмірі туралы. «Пәруана» сөзі парсы тілінен аударғанда көбелек деген мағына береді. Кәдімгі алды-артын ойламай, күйетінін білмей отқа ұшатын көбелек. Шынайы оқиға желісімен түсірілген фильмге Атырау облыстық әкімдігі қолдау көрсеткен. Хақ дін үшін күресемін деп Таяу Шығысқа аттанған  келіншек ол жаққа барған соң адасқанын түсінеді. Өзінің ұстанымына қарсы, дін атын жамылған теріс ағымдардың құрбаны болғанын анық байқаған соң елге қайтуға бекінеді. Бірақ туған өлкеге оралу- қияметі көп, ұзақ сапарға айналады.

Қайролла Құшқалиев, Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы:

- Сол проблеманы біз 25 минуттық кішкентай фильмімізде көрсетіп өттік. Енді былай қарағанда кету жеңіл болды да, қайту қиын болды. Сол 5-6 ай жүріп келген келіншектің өмірін осы кішкентай фильмде көрсеттік. Ол деген біздің өсіп келе жатқан жастарға, мына теріс ағымға кетіп қалып, зардап шеккендерге жақсы бір мағлұмат, ой салады ғой деп ойлаймыз.