Павлодардың облыстық музейінде көрмелер легі жалғасты
Жуырда ғана суретші Нағымбек Нұрмұхаммедовтың есімі берілген Павлодардың облыстық көркемсурет музейінде көрмелер легі жалғасуда.
Бұл жолы қала тұрғындары тұңғыш отандық кәсіби суретші Айша Ғалымбаеваның шығармаларымен танысады. Көрме танымал суретшінің 105 жылдығына арналған. Қылқалам шебері 1917 жылдың 29 –шы желтоқсанында Алматы облысында дүниеге келген. Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын тәмамдаған. Көркемсурет музейінің қорында суретшінің 20-ға тарта еңбектері сақталған. Ғайша Ғалымбаева қазақтың ұлттық киімдері мен қолөнерін зерттеген. Көркем және хроникалық фильмдер киностудиясында қызмет атқарып, «Абай әндері», «Махаббат туралы дастан» сынды бірқатар фильмдердің эскизін жасаған. Қылқалам шеберінің «Шопандар тойы», «Әңгіме», «Құрбылар», «Шай ішу» атты туындыларында табиғат пен адамның болмысы ерекше үйлесім тапқан.
Веста Бочковская, музей қызметкері:
- Экспозицияда пейзаж жанрындағы жұмыстар, натюрморттар мен портреттер көрініс тапқан. Суретшінің ерекшелігіне тоқталатын болсақ ол кенептегі бояуларды егжей-тегжейлі көрсетуге тырыспаған. Қылқалам шеберінің ең сүйікті картиналарының бірі «Әңгіме». Онда ұлттық киіммен отырған екі әйел адам бейнеленген.