Көкшетау іргесіндегі Красный Яр ауылында археологиялық музей ашылды
Көкшетау іргесіндегі Красный яр ауылының білім ошағында археологиялық музей ашылды.
Қазіргі таңда мұражайда жетпіске тарта жәдігер бар. Осында келген оқушылар өздерінің білімдерін тәжірибелік тұрғыда ұштастырады. Бұдан бөлек жас өрендер қазба жұмыстарына да белсене қатысады. Өңірде осындай 20-ға жуық өлкетану мұражайы ашылған.
- Бұл жәдігерлердің барлығы қазіргі таңда Ақмола облысы маңында табылған жәдігерлер...........
Красный Яр ауылының оқушылары алдымен қазба жұмыстарын Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай мен Кеңөткел қоныстарында жүргізген. Яғни бір күн емес, бірнеше күнге созылған жұмыс нәтижесінде көптеген құнды жәдігерлер табылған. Самат Тасмағанбет осындай археологиялық экспедицияға алғаш рет қатысқанын айтады.
Самат Тасмағанбет, оқушы:
- Біз тапқан жәдігерлер қыш ыдыстар және әшекей бұйымдар. Қыш ыдыстар ғұрыптық болып табылады. Сол ыдыстардың барлығын осы музейге әкелдік. Қазіргі таңда мен көптеген жарыстарға ғылыми жұмыстарымды ұсынып, көптеген орын алдым. Келесі жылы да осы қазбаларға барып, жәдігерлер табу ойда бар.
Аталмыш білім ордасында музейден бөлек жас археологтар клубы құрылған. Қазіргі таңда оған жиырмаға жуық бала тіркеліпті. Жалпы осы қос бастаманы тарих пәнінің мұғалі Серік Ысқақов көтерген. Ұлағатты ұстаз оқушыларды тарихқа қызықтырып, құлшынысын арттыру мақсатында осындай түрлі тәсілдер ойластырған. Тіпті мұражай ішіндегі экспозицияны өз қаражатына жасатыпты.
Серік Ысқақов, тарих пәнінің мұғалімі:
- Кітап беттеріндегіні оқығанмен ұмытылады. Ал бала осы мұражайға келіп, жәдігерлерді қолымен ұстаса оны ешқашан ұмытпайды. Ол жерде сабақ жүргізген маған да өте ыңғайлы. Яғни балаларға көрсете отырып, түсіндірем. Бұл тарихқа деген сүйіспеншілікті ояту мақсатында болса, екіншіден археологияға деген қызығушылық.
Бүгінде өңірдегі білім ұйымдарында 228 музей жұмыс істейді. Бұдан бөлек 154 өлкетанушылар үйірмесі ашылған. Қазіргі таңда оған үш мыңға жуық бала барады. Осы балғындарды ынталандыру мақсатында жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Сәкен Дайыров, облыстық білім басқармасы жанындағы туризм, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық орталығының әдіскері:
- Орталық осы бағытта жастардың отанды сүюге, адамгершілікке баулып патриоттық сезімді ояту мақсатында облыстағы білім беру ұйымдарында «Уақыт – байланыстырушы желі» музейлер байқауы өтеді. Ол жыл сайын 18 мамыр Халықаралық музейлер күні ұйымдастырылады. Одан басқа жас өлкетанушылар мен тарихшылардың форумы, ғылыми жұмыстар сайысы өтеді.
Тиісті сала мамандары жыл санап осындай музей, үйірмелердің саны артып келетіндігін алға тартады. Оқушылардың қызығушылығы да зор. Десе де, мектепішілік мұражайларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Сол себепті оқушылар арнайы ұйымдастырылатын экспедициялар барысында жәдігер тауып, музей қорын толықтыруға мәжбүр.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко