Клара Хафизованың «Дала дипломатиясы» кітап болып жарыққа шықты
Алматыда белгілі қытайтанушы ғалым Клара Хафизованың «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» кітабы таныстырылды.
Монография автордың Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының тарихына арналған жарты ғасырлық еңбегінің жемісі. Іргелі зерттеу еңбекте қазақ билеушілерінің мемлекеттілікті, аумақтық тұтастықты және ұлттық бірлікті сақтау жолындағы дипломатиялық қызметі тарихи деректер арқылы жан-жақты сараланған. Мәселен, қазақ хандарының көрші елдердің билеушілерімен хат алмасуы ішкі-сыртқы жағдайдан хабардар болып, барыс-келісті жалғастыруға ықпал етті, - дейді автор. Кітапта Абылай сұлтанның, барымтаға қатысты орыс өкіметімен үнемі хат алысып тұрғаны жайлы дерек келтіріледі. Монографияны жазу барысында ғалым Қытайдың әскери кеңесінің қорында сақталған мәнжу тіліндегі деректерге басымдық береді.
Клара Хафизова, қытайтанушы ғалым:
- Қытайда военный совет деген болды. Тайный совет. Құпия. Қытайлар білмесін деп мәнжу тілінде жазатын. Ең құнды архив сол военный советтің фонды. Екінші фонд жоңғарлардың фонды. Қалмақтардың. Сонда қазақпенен қатынасы туралы барлығы өте көп құжаттар.