Алматыда карикатура көрмесі ашылды
Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде танымал карикатура шебері Еркін Нұразханның «Карикатура тарланы» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде 70-ке келген суретшінің ерекше қолтаңбасы тек көркемдік салада ғана емес, ақын-жазушылар, ғалымдар мен саясаткерлер арасында жақсы таныс. Себебі оның шығармаларынан кез келген қоғам қайраткері өзінің әзілмен астарланған бейнесін көре алады. Суретшінің алғашқы картиналары 1982 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Әпенді әзілдері» айдарымен жарыққа шыққан. Уақыт өте келе суретшінің қоржыны қоғамдағы кемшіліктерді арқау еткен күнгейі мен көлеңкесін ашқан тақырыптық карикатуралармен толығады. «Күлкінің артында мазақ емес – мазасыздану, жазғыру емес – жан ашу жатқанын түсінеді деп ойлаймын», - дейді суретші. Өйткені күлдіре отырып, ой салу – карикатура өнерінің басты мақсаты. Көрмеге суретшінің 200-ден астам суреттері қойылды. Ол 31 қаңтарға дейін жұмыс жасайды.
Еркін Нұразхан,ҚР мәдениет қайраткері, карикатурашы-суретші:
- Менің шығармашылығыма 40 жыл екен. 1982 жылы «Қазақ әдебиетінен» бастап жариялана бастадым. «Әпенді әзілдері» деп. Сонда мынау өзіміздің жазушылар, өнер қайраткерлері, ғылым қайраткерлеріне әзіл суреттерін сала бастадым. Сол кездегі бас редактор Шерхан Мұртаза өте назар аударып, қолдап, осы үнемі апта сайын салып тұруымды талап етті. Біртіндеп біртіндеп суреттер жиналды.
.