Ғали Ормановтың күнделігі музейге табысталды
Өткен жылы еліміз бойынша 115 жылдығы аталып өткен белгілі әдебиетші, ақын, аудармашы Ғали Ормановтың ұрпақтары Талдықорғандағы Мұхаметжан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне қаламгердің күнделігін сыйға тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жыр алыбы Жамбылдың әдеби хатшысы болған тұлға онда жыр дүлділінің ел көп біле бермейтін қырларын қағазға түсіріпті. Бүгінгі ұрпақ түсініп оқуы үшін латын әлібиімен жазылған күнделіктің түпнұсқасы кирилицаға көшірілген. «Әдебиет әлеміндегі лирик ақын» атты бүгінгі жылжымалы көрмеге қаламгердің перзенті Жамиға Ғалиқызы мен немере-жиен інісі Айдар Қырықбайұлы қатысып, сырға толы қызықты естеліктерін айтты. Жастар өз кезегінде Ғали Ормановтың жеке заттарымен танысты. Оның ішінде Ғабит Мүсірепов сыйлаған қара домбырасы мен халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаев табыс еткен сағаты да болды.
Жамиға Ғалиқызы, Ғ.Ормановтың қызы:
- Былтыр әкемнің 115 жылдығы көп жерлерде өткен еді. Бірақ Талдықорғанда әлі болған жоқ. Сонда үйге осы музейдің қыздары келген. Біраз экспонаттарды мен бердім. Сондықтан бүгін өтіп бара жатқан мынау көрме өте тамаша екен.
Айдар Қырықбайұлы, Ғ.Ормановтың немере-жиені:
- Өкінішке қарай, 50 шақты күнделік болған, енді жоғалып кетті. Бәріміз Жамбылды ақын ретінде, жыршы ретінде ғана танимыз. Жамбылдың сол заманның өзінде қайраткер болғанын, меценат болғанын, одан кейін мынау көпбалалы отбасы, жетім-жесірлер деген сияқты осындай отбасылардың мәселелерін шешіп, жер дауына қатысып, үлкен мәселені қойғаны жөнінде осы күнделіктің ішінде өте керемет көрсетілген.