Ертіс өңірінде Борис Краснянскийдің мерейтойлық көрмесі ұйымдастырылды
Ертіс өңірінде фотоөнердің аңызына айналған Борис Краснянскийдің 90 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде қалың көпшілік назарына 50-ден астам авторлық жұмыс ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Борис Краснянский мерейтойлық көрмесіне ақ-қара түсті форматтағы 60 фотосуретін ұсынды. Автор әр фотоның атауы мен қай жылы түсірілгенін көрсетпепті. Шараның ерекшелігі де – сол. Қалың көрермен әр суретті өзінше түсінуі керек.
Жанна Балташева, көрме ұйымдастырушы:
- Экспозицияға фотосуретші коллекциясының шағын ғана бөлігі ұсынылды. 60 жыл ішінде ол жүздеген фото түсірді. Бірақ осы көрмеге үздік еңбегін іріктеді. Борис Захаровичтің пікірінше, бұл суреттер Павлодар мен оның тұрғындары туралы сыр шертеді.
Ақ-қара түсті фотолар Ертістің бойындағы шаһардың сұлулығын көрсетеді. Автор бұл өңірде жарты ғасырдан астам уақыт тұрыпты. Өмірінің 60 жылын фотоөнерге арнаған. Осы кезең ішінде Павлодар қаласының өркендеуі мен тұрғындардың тіршілігін фотоға түсірген.
Борис Краснянский, фотосуретші:
- Мне үшін Павлодардың өмір жолы аса маңызды. Өзім Дон өңірінде тудым, ал саналы ғұмырымды Ертістің бойында өткіздім. Фотожұмыстарымның көбі де осы жерге арналған. Оның сұлулығы мен тарихы туралы айта алмайтын шығармын. Бірақ көрсете аламын.
Борис Краснянский – павлодарлық фотоклубтың ардагері әрі Францядағы шығармашылық ұйымның құрметті мүшесі. Павлодардың 60-шы жылдардан кейінгі кезеңдері көрініс тапқан суреттеріне арналған 2 көрме француз жерінде де өткен.
Сергей Гришин, фотосуретші:
- Борис Захарович – бірегей фотограф. Біздің арамызда 90 жасқа келіп, жеке көрмелерін өткізіп жүргендер кемде-кем. Оны ұстазымыз деп танимыз.
Ақ-қара түсті фотолар өңірдің шежіресіне айналғандай. Келушілер өткен ғасырға саяхат жасап қана қоймай, портрет жанрындағы коллекциямен де танысады.
Авторлары:Ақмарал Есімханова, Марат Игліков, Жеңіс Темірболат.