Петропавлда жазба ақындар мүшәйрасы өтті
«Мен өлмеймін, менікі де өлмейді»... Солтүстік Қазақстанда осындай атаумен жазба ақындардың республикалық мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орайластырылды. Жыр бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық ақын қатысты. Топ жарған 9-ы Петропавл жұртшылығына өз туындыларын паш етті. Олардың барлығы қаржылай сыйақымен марапатталып, Мағжан Жұмабаев атындағы тұңғыш әдеби сыйлықтың лауреаты атанды.
Дәулеткерей Кәпұлы, қазылар алқасының мүшесі:
- Өзінің туған топырағында басталып жатқан мүшәйраның маңызы зор. Өйткені Мағжанды біз ақын ретінде ғана емес, ұлттың рухани қайраткері ретінде бүгінгі ұрпаққа насихаттау керек болатын болса, мұндай іс-шараның маңыздылығы өзінен-өзі көрініп тұрады. Астанадағы қаламгерлер аллеясында Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің, Алихан, Ахмет, Мыржақыптың ескерткіші бар. Сол Астанада Мағжан Жұмабаев көшесінде Мағжанның атындағы ескерткіш қоюға қазір әкімдікпен сөйлесіп жатырмыз.