«Әлем картинасы» арт-жобасы Женевада таныстырылды

«Әлем картинасы» халықаралық әлеуметтік арт-жобасы Женевада таныстырылды.

Ашылу салтанатына халықаралық ұйым мүшелері қатысты. Дубайда өткен "EXPO 2020" дүниежүзілік көрмесінен бастап әлемнің әр түкпірінде көрсетілген туынды былтыр Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бір ерекшелігі бұл картинаға әркім  өз қолтаңбасын қалдыра алады.

Жанат Эрнст, тілші:

- Бұл әдемі кенеп әлемнің 193 елінен келген авторлардың қолынан шыққан дүние. 2 мыңнан астам адам оны қазақтың құрақ көрпесіндей құрап, бірге салып шыққан. Бұл Жер планетасы тұрғындарының толеранттылық пен үйлесімділік, бейбітшілік пен жақсылық, махаббатқа толы үміт-тілектері.

Картинаның бірлескен авторлары – қарапайым адамдар мен танымал тұлғалар: мәдени қайраткерлер, саясаткерлер, әлемдік спорт жұлдыздары. Ал арт туындының авторлары қазақстандық продюсерлер.

Дана Орманбаева," Әлем картинасы " арт-жобасының тең авторы:

- Біз бұл жобамен әлемді шарлап келе жатырмыз. Кескіндемеде қолданылған әрбір бояудың айтары бар. Бұл жай ғана жанасу емес, адамның энергиясы.

Дәуіт Шайхисламов," Әлем картинасы" арт-жобасының тең авторы:

- Өлшемдер кездейсоқ ойлап табылған жоқ, ені 1 метр, ұзындығы 4 метр болады. Бұл Жердің кішірейтілген параметрлері. Дубайдағы ЭКСПО-ға біз таза ақ кенепті ғана алып келгенбіз. Қылқаламмен оған жан бітірген алғашқы адам – Олимпиада чемпионы Александр Винокуров болды. Осылайша, бес ай бойы біз әлемді аралап, сурет салдық.

Өнер жобасы Жер тұрғындарын түсіне, дініне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан бір болуды, бейбіт өмірді насихаттайды. Бұл БҰҰ құндылықтарымен үндес. Қазақстанның аталмыш ұйымға мүше болғанына 30 жыл толған мерейтойы мен "Әлем картинасының" тұсаукесерінің сәйкес болуы да кездейсоқтық емес. БҰҰ-ның кітапхана директоры кенепте өз қолтаңбасын қалдырды.

Франческо Пизано, Женевадағы БҰҰ кітапханасының директоры:

- Сурет жүрекке әсер ететін терең ойды жеткізеді. Бұл БҰҰ Жарғысында жазылған құндылықтар - толеранттылық, бауырластық және өзара түсіністік. Қазіргі уақытта бұл бәрімізге қажет нәрсе. 

"Әлемдік кескіндеме" картинасын Женевадағы әйгілі Ұлттар сарайының қабырғасынан 10 наурызға дейін келіп, тамашалауға болады.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов