АҚШ Елшілігінің мәдени бағыттағы қоры түркі руналарын зерттеуге қаржы бөлген
Көне түркі және ұйғыр дәуірі өркениетінен сыр шертетін жазбалар.
Халықаралық қазақ ғылыми-мәдени зерттеу институты соңғы 1,5 жылда жүргізген зерттеу қорытындысын Ұлттық музейде фотокөрме ретінде ұсынды. Ғалымдар 40-тан астам ескерткіш пен VI -XIV ғасырлардағы жәдігерлерді зерделеп, арнайы каталогқа енгізген. Сонымен қатар зерттеу жобасының аясында "Тағдыр жазулары" деректі фильмі түсірілген. Көрме көпшіліктің назарына наурыздың бесіне дейін ұсынылмақ. Жобаны АҚШ елшісінің мәдени мұраны сақтау қоры қаржыландырған. Мақсаты ежелгі түркі руналарын зерттеу арқылы осы аймақта өмір сүрген түркі халықтарының бай мәдениетін күллі әлемге паш ету.
Дэниел Розенблюм, АҚШ-ТЫҢ Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Жобаны бізге ұсынған кезде тарих тұрғысынан маңызы зор әрі әлемдегі ғалымдардың қызығушылығын тудыратын дүние болып көрінді. Сондықтан дүниежүзі ғалымдары, жалпы әлем халқы үшін түркілердің ежелгі тарихынан сыр шертетін зерттеуге қолдау көрсетуді жөн санадық. Расымен түркілердің көне жазуына қатысты жан-жақты зерттеу жасалған. Әрі археологиялық қазбалармен көптеген дәйек келтірілген екен.