Қарағандыда музыкалық фестиваль өтті
Қарағандыда «Бар байлығым – достарым» деп аталатын музыкалық фестиваль өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өнер кешіне әлемнің үздік өнерпаздары мен еліміздің талантты әншілері қатысып, жиылған жұртқа рухани ләззат сыйлады. Фестиваль ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Дүйсен Қасейіновтың 75 жылдық мерейтойына арналды. Ол – қазақ өнерін дүниежүзіне насихаттап, оны дамытуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосқан кесек тұлға. Мерейтой иесін құттықтауға Ресей, Әзірбайжан, Италия, Түркия, Өзбекстан елінен өмірдегі, өнердегі достары келді. Дүйсен Қасейінов дәл осы мемлекеттермен арадағы мәдени ынтымақты арттырғаны үшін талай марапат алған. Бұл күні Роза Рымбаев, Полад Бюль-Бюль Оглы, Ли Ен Сон, Фериаль Башель, Мансур Ташматов, Массимо Мерчелли секілді танымал өнер жұлдыздарын тыңдау үшін еліміздің бірнеше өңірінен көрермендер жиналды. Әншілерді Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестр сүйемелдеді.
Дүйсен Қасейінов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
- Жан-жақты бағдарлама болғаннан кейін халықтың да назары көп болып тұр. Мен оған қуанамын. Алматыдан да, Астанадан да, басқа да қалалардан келіп жатыр. Расында да мен фестиваль өткізбегелі 5 жыл болыпты. Сағындым өзімнің достарымды, олар да мені сағынды деп ойлаймын.