Астанада ақын Әмзе Қалмырзаұлын еске алу кеші өтті
Астанада «Мың жасаған жандаймын» деген атаумен Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, тарихшы Әмзе Қалмырзаұлын еске алу кеші өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл ақын көзі тірі болғанда 70-ке толар еді. Шығармашылық кешке жиналғандар Әмзе Қалмырзаұлының өмір жолынан сыр шертіп, өлең жырларын оқыды. Оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Көзін көргендер «Әмзе үнемі ізденісте жүретін талғамы биік, танымы терең жан еді» дейді. Әдебиетпен қана айналыспай, тарихи зерттеу еңбектерімен қоғамда сан алуан пікір тудырғаны мәлім. Оның «Құбылыс», «Кереметнама», «Он екі таным», «Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы» атты кітаптары, ІІІ томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Әлі талай томға жүк боларлық мұралары бар.
Құралай Әмзеқызы, ақынның қызы:
- Өмірінің соңғы жылдарында поэзия жанрында және бірнеше тағы діни жағынан, тарих жағынан және де өзінің бүкіл өмірінің басынан аяғына дейінгі жазылған дүниелері бар. Соның бір қалыбын маған бастап, беріп кеткен. Енді жинақтап қарағанда 6 томға шығады. Поэзия жағы «Дала дәптері» деп береміз деп отырмыз. Алдағы 3 томдығы редакциядан өтіп жатыр. Қазіргі кезде дайын.